Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алашұлы" тобының әншісі әлеуметтік желіде отбасын көрсетуге неге қарсы екенін айтты

Опубликовано:

Мақсат Алашұлы
Мақсат Алашұлы. Фото: instagram.com/maksat_rahmet

Патриоттық әндер мен күмбірлеген домбыраның символына айналған "Алашұлы" тобының құрамы өзгерді. Топтағы өзгерістің себебін оның негізін қалаушылардың бірі Мақсат Рахмет KAZ.NUR.KZ тілшісіне эксклюзивті сұхбат барысында айтып берді.

- Мақсат мырза, сұхбат беруге келісім бергеніңізге рақмет. "Алашұлы" деген кезде Әзімбек пен Ұшқын және сіз елестейсіз. Жаңа құрамды көрермен қалай қабылдауда? Қандай шығармашылық жаңалық бар?

- Әрине, біз сұхбатқа әрдайым ашықпыз. Жаңа құрамды өнерсүйер қауым жақсы қабылдады. 2022 жылы Қазақстанның біраз облысы мен қалаларында ән сапарымыз болды.

Әсіресе, 2022 жылы жазылған "Сәйгүлік" деген әніміздің 2,5 млн көрермені бар, халықтың сұранысына ерекше ие. Марқұм Ескендір Хасанғалиев атамыздың "Атамекен" әнін Дарико жеңгеміз бен Біржан ағамыздан рұқсатын алып, қайтадан жаздық.

- Шынымызды айтсақ, Әзімбектің топтан қашан кеткенін көпшілік байқамай қалды. Неліктен топтың негізін қалауға себепші болған жігіттер топтан бөлек кетті?

- Ұшқын да, Әзімбек те өздері солай шешім қабылдады. Жеке шығармашылық, жеке тірліктерін реттеуге уақыт қажет болды. Топта өнер көрсету оңай емес. Топтың жұмысы әрдайым бірінші болуы керек. Жеке шығармашылықты топтың графигіне қарап ыңғайластыруы қажет. Сондықтан жігіттер бөлек кету туралы шешім қабылдады.

Бастапқыда топтың жұмысын толық тоқтату туралы да ой болды. Біраз үлкен аға-әпке, үзеңгілес достарыммен ақылдастым. Барлығы "Алашұлы" сияқты топ "алашқа, қазақ эстрадасына қажет" деп кеңес берді. Ол кісілерге айтар алғысым шексіз. Сол кісілердің ақылын тыңдап, топтың ғұмырын жалғастырдым. Ұшқын топтан кеткен уақытта - Ерзатты, Әзімбек кеткенде - Ерзаттың курстасы Берік деген азаматты қабылдап, шығармашылықты жалғастырып кеттік. Қазір қарқынды дамып келе жатырмыз.

- Топтағы өзгерістер бәрібір де процеске әсер ететіні ақиқат. Тағы да құрам өзгеріп, тоқыраулар орын алмас үшін қазіргі топтың мүшелерімен келісімшарт бар ма?

- Арамызда ешқандай келісімшарт жоқ. Өзара достық келісім бар. Ер азамат ретінде берілген уәдеміз бар. "Алашұлы" жай топ емес, шағын отбасы десем де болады. Ағалы-інілі, бауыр-дос ретінде, алаштың ұлдары деген намыспен өзара тіл табысып, өмірде де, өнерде де бірге қайнап жүрміз.

- Топ продюсері Назгүл Қарабалина еді ғой. Әлі бірге жұмыс жасайсыздар ма?

- Иә, әлі де ол кісі біздің продюсеріміз. Бірақ ол кісінің жұмысы басқа продюсерлерден өзгеше. Таңнан кешке дейін қадағалап отырмайды. Барлық жоспарды алдын ала кездесіп, сырласып, ақылдасып қоямыз. Біріге жасап жүрген жұмысымыз "Алла қаласа ұзаққа барады" деп үміттенемін.

- 2023 жылы "Алашұлы" тобынан қандай жаңалық күтсек болады? Жеке шығармашылық кеш өткізу деген сияқты үлкен жоспар бар ма?

- Жылды жаңа бейнебаянмен бастауға ниеттіміз. Жуырда ғана Шарын шатқалына барып "Киелі мекен" деген су жаңа әнімізге бейнебаян түсіріп келдік. Жақында көріп, бағасын бересіздер. Біз жеке кешімізді 2017 жылы өткізген едік. Тағы да бірсарынды кеш өткізгіміз келмейді.

Сондықтан, осы 2023 жылы жеке кешімізді мүлде өзгеше форматта өткізуге ниеттеніп отырмыз. Шатаспасам, ондай бағытта әзірге елімізде ешкім жасамаған шығар. Оның бәрін ашып айтқым келмейді. Уақыты келгенде өздеріңіз куә боласыздар.

- Жеке шығармашылығыңызға бет бұрайықшы. Театр және кино әлемінде де өзіндік орныңыз бар екенін білеміз. Қаншалықты барлығын баланста ұстап жүрсіз?

- Барлығы бір өнердің қазанында қайнағандықтан аса қиын емес. Егер әртүрлі салалар болса, бәлкім, үлгеруім екіталай шығар. Қазақта "келісе пішкен тон келте болмайды" деген керемет сөз бар. Жұмысымды да барлығымен келісіп, уақытын реттеп отырамын.

Мен театрда жарты ставкада жұмыс жасаймын. Тек өзімнің дайындықтарыма ғана барамын. Қалған уақытта басқа шаруаларыма көңіл бөлемін. Кино, телехикаяларға түскен шақыртуларды да сараптаймын. Мен үшін сценарий, режиссердің көзқарасы, кейіпкерімнің образы өте маңызды. Жеке жұмыстарымды "Алашұлының" жұмыс графигіне ыңғайластырып бекітемін.

- Актерлер қияли болады деген пікірмен келісесіз бе?

- Әр актердің ішінде бала сақталуы керек. Егер біз сол балалық шынайлықты, балалық қуаныш пен кішкентай баланы өлтіріп алатын болсақ, образды аша білуіміз екіталай. Себебі, біз әр образға балаша сеніп, сол кейіпкерді әдемі сомдап шығу керекпіз. Оған біздің іштегі кішкентай баланың әлемі көмектеседі. Сондықтан да көп адам сырттай актерлерге қияли деп қарайтын шығар.

- Кино мен театрда сомдаған рөлдегі тағдыр өмірде де қайталанады деген жорамал бар. Тіпті кей әріптесіңіз сақтық шаралары ретінде әртүрлі ырым жасайды екен. Бұл ойға көзқарасыңыз қандай?

- Мен оған аса сенбеймін. Бұл әр актердің ішкі жан-дүниесіне байланысты деп ойлаймын. Рөл ол - рөл. Образды беріліп ойнауға болады. Бірақ оны жүрекке қабылдап, уайымдау дұрыс деп ойламаймын. Ешқандай ырым да жасамаймын.

- Әріптестеріңіз жеке театр ашып немесе авторлық кино түсіріп жүр. Сіздің жеке авторлық туындыңызды көруіміз мүмкін бе?

- Авторлық киноға мен дайын емеспін. Тіпті нақты идея да жоқ. Ал театр мәселесіне келетін болсақ, 2019-2020 жылдары "Каин" деген спектакль қойдық. Ол Мүсірепов театрынан тыс жоба болатын. Алғашқы қойылымдар аншлагпен өтті. Көрермен ілтипатына бөленді.

Бірақ спектакль ұйымдастыру жағынан өзім епсіз болғандықтан, үлгермегендіктен жалғасын таппай қалды. Одан кейін карантин секілді мәселелер болды. Болашақта тағы да театр саласында шағын спектакль қою жоспарда бар.

- Парақшаңызда жеке өміріңізді аса көрсетпейді екенсіз. Инстаграмда охват жинап, оқырман көбейтудің бір тәсілі отбасын жиі көрсету ғой. Өзіңіз бұл трендке жұмыс жасамайсыз, сыры неде?

- Менің жеке өмірім - жеке өмірім. Егер оны көпшілікке көрсететін болсам, ол - жеке болмай қалады. Тіл-көзден де қорқамын. Аллаға шүкір, отбасым бар. Тоғыз жасар Шәкәрім деген батырдың және тәп-тәтті екі қыздың әкесімін. Мұның барлығын мен әлеуметтік желіге көрсете бергім келмейді.

Инстаграмда мен блогер емеспін. Мен кәсіби әртіспін. Блогерлік пен актерлік саланы шатастыруға болмайды. Әр қадамын көрсететін әріптес, достарымды стористе жасырып тастағанмын. Ондай сторис-видеоларды қарап, уақытымды да өлтіргім келмейді. Мен үшін инстаграм - ол жай ғана шығармашылық өмірімнің бір жарнама бөлшегі.

Сұхбаттасқан Жанар Тайырқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2005744-alasuly-tobynyn-ansisi-zeke-omirin-nege-aleumettik-zelide-korsetuge-qarsy-ekenin-aitty/

pixel