Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Аватар: Су жолы" фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасы отандық прокатта рекорд орнатты

Опубликовано:

Аватар: су жолы" фильмі
"Аватар: су жолы" фильмінің постері. Фото: Шах-Мұрат Ордабаевтың жеке мұрағаты

Мәдениет және спорт министрлігі Telegram арнасында қазақ тіліне дубляждалған "Аватар: Су жолы" фильмінің кассалық табысы 71 миллион теңгені құрағанын хабарлады. Ведомствоның мәлімдеуінше, бұл рекордтық көрсеткіш.

Министрліктің ақпаратынша, ғылыми-фантастикалық туындының қазақ тіліндегі нұсқасын 43 мыңнан астам көрермен тамашалап, кассалық табыс алғаш рет 71 миллион теңгені құрады.

"Бұл Голливуд фильмдеріне дубляж жасаудың 12 жылдық тарихында тіркелген ең жоғары көрсеткіш", - делінген хабарламада.

Фильмді дыбыстауға 35 дубляж актері қатысқан. Басты кейіпкер Джейк Саллиді – актер Қобыланды Болат, Зои Салдананы Шехназа Қызыханова дыбыстады. Сонымен қатар дыбыстауға балалар да қатысқан.

Осы орайда ведомство бүгінде қазақ тілі дубляждағы екінші түркі тілі ретінде дараланып, Blu-Ray-да көруге болатын Голливуд фильмдерінің негізгі жеті тіліне енгенін атап өтті.

Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігі алдағы уақытта да әлемдік деңгейдегі фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды жалғастырады. Бұған жыл сайын 300-ге жуық дубляж маманы жұмылдырылмақ.

Айта кетейік, бұған дейін әйгілі кинорежиссер Джеймс Кэмеронның "Аватар: су жолы" фильмі халықаралық прокатта тарихта ең көп табыс әкелген үшінші фильм атанғанын жазған едік.

Фильмнің сыртқы нарықтағы кассалық жинағы 1,538 миллиард долларды құраған болатын.

Еске сала кетсек, "Аватарды" қазақ тілінде сөйлеткен дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, бұл процесс оңайға соқпағанын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2008661-avatar-su-zoly-filminin-qazaq-tilindegi-nusqasy-otandyq-prokatta-rekord-ornatty/

pixel