Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кімге кедергі болдым": Бағлан Әбдірайымов көпшілікке ұсынған фильмінің түрлі себеппен көрсетілмей жатқанын айтты

Жарияланған күні:

Бағлан Әбдірайымов
Бағлан Әбдірайымов. Фото: "1001 түн" бағдарламасы

Жақында ғана көпшілікке құмар ойын жайлы фильм ұсынған әнші Бағлан Әбдірайымов кедергіге тап болғанын айтты. Өнер иесі фильміне қатысты туындаған қиындықтар жайлы NEGE.KZ сайтына берген сұхбатында мәлім етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Астаналық көрермендер сайттан билет сатып алған екен. Сатылымға шыққан билеттер толық өтіп, көпшілік жапа-тармағай киноға барған. Бірақ жиналған жұртқа "техникалық ақаулық орын алды" деп, орынына басқа кино көруді ұсынған.

Қателеспесем, Атырау қаласында да бір кинотеатрға барған көпшілікке "киноны көрсетпейміз" деген. Әлгі жерге барған көрермендер наразы болып, "видео түсіріп, желіге таратамыз" деген соң ғана көрсеткен.

Өңірдегі тағы бір кинотеатрда "электр жарығы сөніп қалды" деп, 44 минутта фильмді тоқтатып тастапты. Кино көрсету жағынан осындай түсінбейтін жағдайлар болып жатыр. Кино түсіргендерден сұрасам, ешқайсысы мұндай жағдайды бастан өткермегенін айтты. Ал көзіммен көріп, қолыммен ұстап алмаған соң, "бәзбіреудің қысастығы" деп нық айта алмаймын. Бұл жағдай мені күйзеліске салды. "Кімге кедергі болдым екен" деп те ойландым", - деді Әбдірайымов.

Сонымен қатар әнші фильмі кинотеатрдан қалта телефонына түсіріп, желіге жүктейтіндермен де күресіп жатқанын жасырмады.

"Бір кездері "пират" деген дүние құрдымға кеткен еді. "Мен ұрлық жасағанда, ай жарық болыпты" дегендей, мен кино түсіргенде олардың қайдан пайда бола қалғанына таңмын.

Кинотеатрдан қалта телефонға түсіріп алып, әлеуметтік желі мен ютуб арналарға жүктеп, сатып жатқандар бар екен. Осындай 47 заңсыздықтың куәсі болдық. Бірін жапсаң, келесісі шығады. Дегенмен, адал еңбекті бағалап, сапалы дүниені ғана көретін жанашыр жандар көп. Мен соларға сенім артамын.

Бұл – саяси тақырыпты қозғайтын немесе құмар ойынды қыздырып отырғандардың жұмысына кедергі келтіретіндей фильм емес. Фильмде бар болғаны өзімнің бастан өткенімді, тығырықтан қалай шыққанымды көрсеттім. Көпшілік азарттың соңы азап екенін ұғынсын деген тілекпен ғана таспалаған едім", - деді Бағлан Әбдірайымов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2008868-kimge-kedergi-boldym-baglan-abdiraiymov-kopsilikke-usyngan-filminin-turli-sebeppen-korsetilmei-zatqanyn-aitty/