Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Соңғы рет көріп қалдым": Дана Нұржігіт әріптесі Бейсен Құранбекті еске алды (видео)

Опубликовано:

Дана Нұржігіт, Бейсен Құранбек
Дана Нұржігіт, Бейсен Құранбек. Фото: instagram.com/dana_nurzhigit

Тележүргізуші Дана Нұржігіт әріптесі әрі досы, марқұм Бейсен Құранбекті еске алып, соңғы рет көріскен сәтті баяндап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Менің бүгінгі әңгімем - Бейсен (Құранбек - ред.) жайлы. Бейсен - менің досым, әріптесім. Оның да өмірден өткеніне де үш жылдың жүзі болыпты. Мен Бейсенді соңғы рет 10 ақпан күні көрдім. Ақпанның 9-ы күні Бейсен хабарласты, дауысы әлсіреген. Өксік қысып, ызаға булығып, әрең сөйлеп тұр. "Дана, мені онкологиялық ауруханаға жатқызбай жатыр. Неге? Менің осыдан бұрын жатқан палатама жібермей жатыр, неге? Мен де қазақтың бір керегіне жараймын ғой, әлі бармын ғой, Дана" деді.

Мен бұрын соңды мұндай Бейсенді көрген жоқпын, естіген жоқпын, білмеймін. Осыншама шарасыз күйге түскен Бейсенді көрмедім. Менің жүрегім қарс айырылды. Кейін Бейсеннің келіншегі Гүлмира хабарласып, "Дана мүмкіндік болса, келіп кетсеңіз" деді. Жаным аласұрып, бірден Алматыға билет алдым. Билетім қолда, бірақ бастықтан сұрану керек. Мен парламентте жұмыс істеймін. Бастықтан сұранып едім, рұқсат бермеді. "Ең ет жақын туыстарыңыз болса, мақұл. Бірақ, бұл әріптесіңіз ғой" деген жауап алдым", - деді Дана Нұржігіт.

Осыған қарамастан, тележүргізуші Алматыға билет алып, досының жағдайын сұрау үшін жолға шыққан.

"Не де болса, мен науқас адамның хәлін сұрауға бара жатырмын. Ең бірінші, Алланың алдындағы парызым. Сосын бұл Бейсен ғой деп, жолға шықтым. Алматыға келгесін, Бейсеннің жұбайы Гүлмираға хабарласып, "Мен әуежайда тұрмы. Алматыда тұрмын" дедім. Гүлмира көлік жіберіп, мен Бейсеннің үйіне келдім. Ол екі қабатты үйдің екінші қабатында, бөлмеде жалғыз өзі, төсек тартып жатыр екен. Қатты жүдеген, біраз көзі сол бұрынғы Бейсеннің жанары.

Мені көріп қуанып кетті. Екеуіміз құшақтасып амандастық. "Азаматсың, Дана. Азаматсың" деп, ризашылығын білдірді. Екеуіміз біраз әңгімелестік. Содан бір кезде әңгімеміз үзіліп, үнсіздік орнады. Бейсен терең күрсініп, терезеге қарай мойнын бұрды. "Шаршадың ба, Бейсен?" деп едім, "Иә, шаршадым. Әлсіреп қалдым" деді.

Олай болса, мен жүрейін, сені көріп кетейін деп едім. Кешегі дауысың ұнамады маған. Өзіңді қолға ал. Бәрі жақсы болады. "Ауырып қалғаным, аунап тұрғаным" дерсің ертең. Жақсылықта көрісейік. Мынау саған әкелген сыйлығым деп, жаңа ғана баспадан шыққан Құран Кәрімнің қазақшасын қолына тапсырдым.

Сол кезде менің алдымда таңдау. Досымның алдындағы соңғы парызды орындау керек пе? Әлде мемлекеттік қызметтегі міндетімді орындап, сөзде тұру керек пе? Мен біріншісін таңдадым. Досымды соңғы рет көріп қалдым, соңғы сөзін естідім. Науқастың хәлін сұрап барып, досымның алдындағы парызды орындадым. Мұныма ешқашан өкінбеймін. Жатқан жерің жайлы болсын, Бейсен", - деді Дана Нұржігіт Instagram парақшасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2012925-songy-ret-korip-qaldym-dana-nurzigit-ariptesi-beisen-quranbekti-eske-aldy-video/

pixel