"Мұндайды ешкімнің басына бермесін": Серікзат Дүйсенғазы 16 жасында көз жұмған ұлының арманын жүзеге асырмақшы
Жарияланған күні:
Қаңтар айында 16 жастағы тұңғышы Әлиханнан айырылып қалған ақын Серікзат Дүйсенғазин марқұм ұлының арманын орындағанын айтып, желіде жазба қалдырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Айтыскер ақын жас ғалымдарды қолдау мақсатында қоғамдық қор құрғанын мәлімдеді.
(Қайтыс болған баласының арманы үшін арпалысқан әкені кім көрді екен? Ешкім көрген жоқ шығар, сірә! Лайым көрмей-ақ қойсын! Ондай әке бізге дейін болған дейді. Бірақ Америкада. Нәтижесі - атақты Стэнфорд университеті.
Біз де марқұм баламыздың жете алмай кеткен арманын жүзеге асырсақ деп жанұшырып жүгіріп жүрген жайымыз бар. Бүгін соның алғашқы асуын алдық. Ауыр қайғының да бір қуанышы болады екен-ау. Төбем көкке жеткендей қуанып отырмын қазір. Естеріңізде болса, Әлихан балам қайтыс болғаннан кейін жазған алғашқы постымда қазағымның келешегі үшін қызмет етемін деп уәде беріп едім.
Бірнеше ай қалың қағазбен алысып жүріп "Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қорын" мемлекеттік тіркеуден өткіздім. Оның Уставының әр парақшасында менің әкелік көз жасым бар. Көзімнен сорам сорғалап отырып, әр жолын өз қолыммен жазып шықтым. Өте қиын болды, ағайын! Мұндайды ешкімнің басына бермесін!", - деп жазды Дүйсенғазин.
Қазіргі таңда шығармашылық топ Әлиханның қысқа ғұмырына арнап деректі фильм түсіруде. Әлихан Мақсұт атындағы қор дарынды балалар мектебімен және қорлармен бірлесе отырып, "RoboZerde-2023" қалалық роботехника фестивалін өткізеді.
Еске сала кетейік, Серікзат Дүйсенғазиннің ұлы қаңтардағы демалыс кезінде шаңғыдан құлап, мерт болған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2017896-mundaidy-eskimnin-basyna-bermesin-serikzat-duisengazy-16-zasynda-koz-zumgan-ulynyn-armanyn-zuzege-asyrmaqsy/