"Әйелім мәһрге екі жылқы сұрады": Нұрболат Қанай алғаш рет отбасы туралы сұхбат берді
Жарияланған күні:
Хит әндерімен танылған "Меховая 8/1" тобының белді мүшесі, музыкант Нұрболат Қанай биыл шаңырақ көтерді. Әйелімен Меккеде танысқанын ол көп айта бермейді. Әнші тұңғыш рет отбасылық өмірі жайлы сұхбат берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда Нұрболат Қанай "Меховая 8/1" тобының желтоқсанда өтетін кешіне қызу дайындықта жүр. Аталған кеште жаңа әндер аз болмайтынын айтады. Ал оларды жазу үшін шабыт іздеп, ұзақ күтудің қажеті жоқ дейді Нұрболат.
"Әртүрлі жерден шабыт аламын. Кез-келген жерде, кез-келген уақытта диктофонға ыңылдап жазып аламын. Сосын асықпай студияға келіп бітіремін. Кейбір адамдар әйеліме қарап, қызыма қарап шабытым ашылды дейді ғой. Менде ондай бір шабыт беретін қатып қалған дүние жоқ", - деп ағынан жарылды Нұрболат.
Ол биыл шаңырақ көтерді. Сүйіктісімен Меккеден танысқан әнші көп ұзамай неке қиды.
"Мәһрге әйелім екі жылқы сұрады. Алла бұйырса, алып беремін", - дейді әнші.
Нұрболат бос уақытын үйде өткізіп, достарына да көп көңіл бөлмей жүргенін мойындады.
"Отбасылы болған күшті сезім екен. Бұрынғыдай оңға, солға жүре беру жоқ. Жұмысты бітіріп, бірден үйге кететін болдым. Бір қызды аманат ретінде алған соң, сол аманатыма қиянат жасамай, көңіліне кірбің түсірмей, бақытты болып, үбірлі-шүбірлі болсақ деген ниетім бар. Сондықтан, мені таппай қалып жүрген достарым болса еш ренжімесін", - деп қалжыңдайды ол.
Орамалды аруды өмірлік жар еткен әнші жуырда әйелдердің қоғамдық жерде бетін бүркеп жүруіне қатысты мәселе бойынша пікірін айтты.
"Бұл туралы ештеңе анық айта алмаймын. Әркімнің өзінің таңдауы ғой. Кей ер азаматтар жарын қызғанып, бетін де жауып жүруін талап етеді. Десе де, қоғамдық жерде адамды қорқытып, шошытып алмайтын әдемі болып орамалын тағып жүруге болады. Ислам діні әдемілік пен көркемділікті насихаттайды ғой. Сондықтан адамдарды мейірім мен көркем мінезге шақырғанымыз жөн", - дейді ол.
Қоғамдық ортада мейірімді насихаттауға тырысатын Нұрболаттың қоғамдық көлікке мінбегеніне өте көп уақыт болыпты.
"Соңғы рет қашан автобусқа мінгенім есімде жоқ. Жолақысының қанша екенін де білмеймін. Көлік алғалы автобусқа мінген емеспін. Алғашқы көлігімді Атырауда ауылда жүргенде 50 мың теңгеге сатып алдым. Ал қазіргі көлігімнің бағасын айтпай-ақ қояйын", - дейді әнші.
Дайындаған Жанар Тайырқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2047381-aielim-mahrge-eki-zylqy-surady-nurbolat-qanai-algas-ret-otbasy-turaly-suxbat-berdi/