"Өзімнің сұрайтын бағам бар": актер Дәурен Серғазин продюсерлерге қоятын бес талабын атады
Жарияланған күні:
Алматыда "Брат және брак-3" фильмнің жабық көрсетілімі өтті. Продюсер Құралай Анарбекова фильмдегі ең қымбат актер деп басты рөлді сомдаған Дәурен Серғазинді атады. Жабық көретілімде актер KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, жаңа фильмге қатысты ойын, өзін шақырғысы келетін продюсерлерге қояр талабын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Фильмдегі басты рөлді ойнаған актер Дәурен Серғазин осы фильмнің алғашқы бөлімінен соң танымал бола бастағанын жасырмайды.
"Иә, "Брат или брак-1" менің кинодағы бағымды ашты деп айта аламын. Ең алғашқы толықметрлі фильмде басты рөлде ойнадым. Көрермен өте жақсы қабылдады. Режиссерлер менің актерлік шеберлігіме көздері жеткендей болды. Сол фильмнен кейін комедия бағытындағы фильмге өте көп шақырту алдым", - деп ағынан жарылды актер.
Актер үшінші бөлімге қатысты өз ойын да бөлісті.
"Алдыңғы екі бөлімде көрермен көңілінен шығатынына жүз пайыз сенімді болған едім. Бұл жолы қорқып тұрмын. Нарықта қазір өте көп кинокомедия бар. Көрерменнің де талғамы өскен. Алайда, "Брат или брак-3" өзінің аудиториясын табады деп үміттенемін. Өзімде бүгін бірінші рет көргелі тұрмын. Іштей үлкен қобалжу бар", - дейді Дәурен Серғазин.
Актер барлық киноға келісе бермейтінін ашық айтты. Оның продюсерлерге қоятын бес талабы бар екен.
"Мен барлық ұсынысты қабылдай бермеймін. Мұқият қарап, зерттеймін. Бірінші кезекте фильм сценарийі ұнауы керек. Екіншіден, мен кейіпкерімнің образына мән беремін. Үшіншіден әрине, ол - гонорар. Өзімнің сұрайтын бағам бар. Оны жасырмаймын. Төртіншіден, шығармашылық ұжым мен оның ішінде сыйластық маңызды. Бесіншіден, тұратын жерім болуы керек", - дейді ол.
Бұл бес талапты қанағаттандырғанда актер де аянбай күндіз-түні образға еніп, көрерменге рөлді ашып беруге дайын екен.
Дәурен Серғазин сондай-ақ фильмнің үшінші бөлімімен көрерменді жалықтырып алмай ма деген тілші сауалына жауап берді.
"Мен де басында солай ойладым. Тіпті түсуге қарсы болдым. Бірақ сценарийді оқып, ойым мүлдем өзгерді. Бұл алдыңғы екі бөлімге тіпті ұқсамайды. Және бұл бөлімде Айбардың егізі пайда болады. Мені актер ретінде бір уақытта екі образды сомдау қызықтырды. Сондықтан келістім", - дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Құралай Анарбекова кинодағы аға буын актерлерге 10-15 млн теңге аралығында гонорар бергенін айтқан еді. Өз сұхбатында продюсер Дәурен Серғазиннің гонорары одан да жоғары болды деген.
Осы орайда портал тілшісі "гонорарға Алматыдан неше бөлмелі пәтер сатып алуға болады" деген сұрақ қойды.
"Бұл қызық сұрақ екен. Жалпы гонорарына пәтер алатындай актерлер біздің елде бар ма, жоқ па білмеймін. Бірақ өзімнің гонорарым үй алуға жетпеді. Ал жүріп-тұруыма жетеді", - деді ол.
Сұқбаттасқан Жанар Тайырқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2063462-ozimnin-suraityn-bagam-bar-akter-dauren-sergazin-prodyuserlerge-qoyatyn-bes-talabyn-atady/