"Негізгі табыс көзі – той": Нұрболхан Шарапов асабалықтан алатын гонорары туралы айтты
Жарияланған күні:
Танымал актер, әзілкеш Нұрболхан Шарапов өзінің негізгі табыс көзі асабалық қызметі екенін жасырмайды. Өнер иесі KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұқбатында бір тойды басқарып беру үшін қанша ақша алатынын ашық айтты. Сондай-ақ ол қоғам мүшесі ретінде Қазақстандағы су тасқыны, тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы аясында ой қозғады.
Нұрболхан мырза, қандай жаңалығыңыз бар? Қазір немен айналысып жүрсіз?
Жақында Вьетнамда кино түсіріп келдік. Күз айларында көрермен көретін шығар деп ойлаймын.
Ол сіздің авторлық туындыңыз ба?
Жоқ, Шерхан Пірназаров екеуміз басты рөлде ойнаймыз. Жай ғана актерміз. Екі дос жайлы комедиялық фильм.
Жалпы кино түсіру ойда бар ма?
Бүгін-ертең өзім продюсер, режиссер болып кино түсіремін деп айта алмаймын. Әзірге маған актер ретінде түсірілімнің ішінде қайнап, тәжірибе жинау керек. Қазақта "құмырсқа жолыңды, Аяз әліңді біл" деген керемет сөз бар ғой.
Неге шетелде кино түсіру сәнге айналып барады? Әлде арзан шыға ма?
Жоқ, арзан деп айта алмаймын. Елімізде әйтеуір таныс-тамыр, бартер деп біраз шығындарды үнемдеуге болады. Ал басқа елде ондай мүмкіндік жоқ. Команда, қанша техника, мұның бәрін апару ақша ғой. Екі есе болмаса да, бір жарым есе қымбат шығады. Отандық фильмге әр режиссер мен продюсердің қосып жүрген үлесі деп білем.
Қазір желідегі парақшасынан табыс таппайтын танымал тұлға кемде кем. Сіздің негізгі табыс көзіңіз не?
Негізгі табысым кинодан және тойдан. Тек содан кейін ғана Instagram-дағы табысымды айта аламын. Ең көп табыс әрине, тойдан. Асаба ретінде гонорарым – 600 мың теңге.
Елдегі кез келген мәселе бойынша бірінші үн қататын блогердің бірісіз. Мақсатыңыз не? Жанашырлық па әлде хайп па?
Мен еліміздің азаматы ретінде, қазақ ретінде қозғалуы керек нәрсеге араласамын. Болашақ ұрпаққа берері жоқ дүниелерге қарсы шығып, ертеңіміз үшін алаңдау кез келген азаматтың парызы деп білемін.
Су тасқыны қолдан жасалған апат деушілер де бар. Бұған қатысты сіздің ойыңыз қандай?
Мұның бәрі алдын алмағанның кесірі деп ойлаймын. Жылда қайталанатын, болатын проблема ғой. Іштей "неге 30 жыл бойы қорғаныс болатын су қоймалары салынбаған" деп қынжыламыз. Халыққа бірінші көмекті жылда халық көрсетеді.
Қазір қоғамда әйелге қатысты зорлық-зомбылық тақырыбы өте өзекті болып отыр. Осы орайда "Әйел тілден табады" деген пікір де бар. Сіз не ойлайсыз?
Тыныш жатқан, жағдайын жасаған күйеуіне сөйлейтін әйелдер аз шығар. Біз кімнің үйінде не болып жатқанын білмейміз ғой. Еркек ақша таппайтын шығар. Әйел соған сөйлейтін шығар. Жалпы әйелді ұру – әлсіздік деп білем.
Автор: Жанар Тайырқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2093189-negizgi-tabys-kozi-toi-nurbolhan-sharapov-asabalyq-etip-alatyn-gonorary-turaly-aitty/