Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Желтоқсанда алаңға шыққан қыздарға арналған: Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы әннің тарихын білесіз бе

Опубликовано:

Нұрлан Өнербаев
Нұрлан Өнербаев. Фото: instagram.com/onerbay_nurlan

"Шет жүрсем сағынарым" деп талай жүректі әнмен тербеген талантты әнші, қоғам және мемлекет қайраткері Нұрлан Өнербаевтың өнер жолы қалай басталған? Бұл мақаламызды қоңыр даусымен халықтың махаббатына бөленген әнші-актер Нұрлан Өнербаевтың өмірі мен шығармашылығына арнауды жөн көрдік.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев 1961 жылы 4 қарашада Түркістан облысы Төле би ауданындағы Қазақстан ауылында дүниеге келген.

Әнші анасы туралы былай деп жазады:

"1959 жылы ақпанда Өнербай әулетіне келін болып түсіп, бүгінде осы әулеттің ең үлкен батагөй анасына айналып отыр. Ата-ененің алдын көрді, қызметін жасап, батасына кенелді. Ағайынның көңілін тапты, әулеттің мақтаулы келіні болды. Көрші-қолаңға ақкөңіл, кеңпейілін көрсетіп, ауылдың сыйлы кейуанасы атанды. Құдай қосқан жарына адалдығын сақтап, отбасының отын 60 жылға жуық бірге жақты. 10 перзентке өмір сыйлап, шаңырақты шаттыққа бөледі. 30-ға жуық немере мен 40-қа жуық шөбереге аяулы әже болды".

Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы "Анашым" әні. Әні: Марат Омаров. Сөзі: Қайрат Жұмағалиев.

Нұрлан Өнербаев Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жанындағы актерлер студиясын тәмамдап, өнер жолын актерліктен бастаған. Әншінің өзі басылымдардың біріне бірген сұқбатында негізгі ұстазы Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев, екінші ұстазы Оразхан Кенебаев болғанын, осы өнер майталмандарынан дәріс алғанын айтады.

Нұрлан Өнербаев
Нұрлан Өнербаев. Фото: instagram.com/onerbay_nurlan

Ол 1991 жылы радиоға диктор болып ауысып кеткенге дейін театрда қызмет атқарып, "Ана - Жер Ана" спектаклінде Жайнақ рөлін, "Қан мен терде" Рай рөлін ойнаған, тағы басқа 15 шақты спектакльде ірілі-ұсақты кейіпкерлерді сомдаған.

"Тек актер ғана болған жоқпын, бас режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің көмекшісі, труппа жетекшісі болдым. Жауапты жұмыстарды жасай жүріп, біраз спектакльде рөл ойнадым. Театрда жүріп ән айта бастадым. Музыкалық қойылымдарда кейіпкерлерді сомдадым. Кейін әншілік мені тарта бастады. Ән айтып, әнші ретінде елге танылдым. Кейін әншілік жағына біржола ауысуға тура келді", - деген екен әнші сұқбаттарының бірінде.

"Нұрланның ең үлкен қазынасы – дауысы. Тамаша дикция, тілдің оралымдылығы, әнді естілер-естілмес етіп айтқанның өзінде сезіліп тұрар үлкен қажыр – бұл әнші дауысының анық сипаттары ғана. Нұрланның даусын белгілі бір типке жатқызу қиын. Батыс музыкатануында "дауыстың аспаптық табиғаты" ("инструментальность голоса") деген ұғым бар. Міне, әншінің дауысын осындай типке, шартты түрде жатқызуға болар еді". (Таласбек Әсемқұлов)

Нұрлан Өнербаевтың үлкен сахнадағы әншілік, орындаушылық өнер жолы 1986 жылдардан бастау алады. Ол "Сағыныш", "Анашым", "Әке арманы", "Қазақ қызы", "Сұлулық", "Ауылым", "Туған күн", "Сағындым ауылды", "Жан аға", "Махаббат көктемі", "Қарағым-ай", "Аққуым", "Таңғы тілек", "Ақ тілек", "Ай да, күн де" әндерін, сондай-ақ халық әндерінен "Дударай", "Сандуғаш", "Бір бидай арпа", "Үкілі кәмшат", "Ой көк", "Беу, айдай", "Бипыл" әндерін орындады. "Сұлулық", "Жан аға" атты аудио кассеталары мен "Қарағым-ай" және бірнеше үнтаспасы шыққан, әнші ән қоржынында бес жүзден астам ән барын айтқан.

"80-жылдардың ортасында қазақ өнеріне қоңыр әуенге есті сөз салып, биязы жүзімен, байыпты үнімен, асықпай-саспай, жыламай-сықтамай бір тамаша әнші келді, сол Нұрлан еді"... (Бекболат Тілеухан)

Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы "Қазақ қызы" әні. Әні Рамазан Тайманов. Сөзі: Исраил Сапарбай.

Нұрлан Өнербаевтың репертуарындағы "Қазақ қызы" әні Желтоқсанда алаңға шыққан Ләззаттай қазақ қыздарының ерлігіне арналған.

Бұл ән қалай туғанан композитор Рамазан Тайманов былай баяндайды:

"Қыздар педагогикалық институтында өткен кештердің бірінде М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының жас актері Нұрлан Өнербаев бір өлең оқыды. "Мен қазақ қыздарына қай­ран қалам..." деп басталатын өлеңді зал тым-тырыс отырып тыңдады. Сәлден кейін қыбырсыз отырған көрермен дүркірете қол соқты. "Желтоқсан айынан кейінгі ой" деген осы өлеңнің кімдерге арналғанын бүкіл зал анық ұғып тұр еді.

Кештің біткенін күтіп, Нұрланға қолқа салып, өлеңді сұрап алдым. Ән жазылған соң алғаш өзі орындайтын болды. Бір айдың көлемінде әнді жазып бітірдім. Жазып біткенше көз алдымда Ләззаттың бейнесі тұрды. Театрға барсам, Нұрлан гастрольдік сапармен Өзбекстанға кетіп қалыпты. Келесі күні жатақханада отырсам, ән сұрап бір кішкентай қыз келіп тұр. Бізде тұратын әпкесіне Ақтөбеден кел­ген жас әнші екен. "Қазақ қызы" қазір белгілі әншіге айналған Жанар Айжановаға осылай бұйырып еді. Көп ұзамай радиоға жазылған ән көпшілікке бірден тарады. Артынша Нұрлан Өнербаев "Тамашаға" алып шығып, шетелдегі қандастарға дейін шырқайтын болды".

"Даусы бардың бәрі әнші емес. Әншіге дауыспен қатар талғап айтар тектілік, жеткізіп айтар сезімтал жүрек керек. Нұрлан – бойында осы қасиеттердің бәрі құп тоғысқан сарабдал әнші. Әншінің көмейіне Құдай көрік пен бояуды аямай-ақ берген". (Тұрсынжан Шапай)

Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы "Қарағым-ай" әні. Әні: Кеңес Дүйсекеев. Сөзі: Шөмішбай Сариев.

Нұрлан Әлтайұлы өнерін жауапты қызметтермен ұштастыра білген жан. Ол әр жылдары Қазақ радиосының дикторы, "Қазақстан телерадиокорпорациясы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары, Қазақ радиосының директоры, музыка мектебінің директоры қызметтерін атқарды.

1996-1998 жылдары "Хабар" агенттігінде аудармашы, дубляж бөлімінің жетекшісі, 1998-2002 жылдары республикалық Президент оркестрінің әншісі, 2007-2008 жылдары Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы, 2008-2011 жылдары Парламент мәжілісінің 4 шақырылымының депутаты болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2130144-zheltoqsanda-alangga-shyqqan-qyzdarga-arnalgan-nurlan-onerbaevtyng-oryndauyndagy-anning-tarihyn-bilesiz-be/