"Қатерлі ісік анықталды": "До-Мажор" әншілері топтың тарауына қатысты шындықты айтты
Жарияланған күні:
Жастар арасында кезінде аса танымал болған "До-Мажор" тобының бұрынғы әншілері Роман Майғазиев пен Ермек Мұқашев ұжымның тарауына не себеп болғанын айтты. Бірі өнерден кеткен соң саудаға бет бұрса, екіншісі денсаулығына байланысты шығармашылығын тоқтатқан, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Роман Майғазиев өнерден алшақтап кеткен сәтте немен айналысқанын "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтып берді.
"Қазір хитпен санасатын заман болып кетті ғой. Хит әнің болмаса жоқ деген сияқты. Карантин кезінде базарға, саудаға қарай бет бұрып кеттім. Інім екеуміз дүкен ашқанбыз. Соған көмектескенмін. Оған дейін мемлекеттік қызметте болдым. Көркемдік жетекші, мәдениет пен спорт бөлімінің басшысы болдым. Бірақ мемлекеттік қызмет менің шығармашылығыма келмеді. Той мен концерттерде жүрдік. Арасында киноға да түстік", - деді ол.
Сонымен қатар әнші "До-Мажор" тобының тарауына не себеп болғанын ашып айтты.
"Топты ұстап қалу қиын нәрсе. Оның себебі көп. Ақшаның үшке бөлінуі. Әнге қатысты талғам жөнінде мәселелер болды. Біз жеке әнші ретінде өнер көрсеткен дұрыс екенін түсіндік. Солай шешіп, топты таратып жібердік. Үш адамға шығын көп болып кетті", - деп түсіндірді Роман Майғазиев.
Оған қоса бағдарламаға "До-Мажор" тобының тағы бір бұрынғы әншісі Ермек Мұқашев та келді. Өнер иесі топтан денсаулығына байланысты кетуге мәжбүр болғанын жеткізді. Ол қатерлі ісікке шалдыққанын айтты.
"Халықтың қошеметі деген қиын нәрсе. Сол адамды өзгертеді. Адамдарда тұрақтылық пен жауапкершілік болмайды. Түсірілімдерге кешігіп келе салады, ұйықтап қалады. Тойдың ақшасын алып, бармай қояды. Одан адам шаршайды. Кімді сүйреп жүресің? Арамызда келіспеушіліктер болғаны рас. Әркім өз кемшілігін өзі біледі.
Мен топтан денсаулығыма байланысты кеттім. Топқа қарайтын шамам болмады. Тіпті келіншегіме де қарай алмадым. "До-Мажор" тобының тарауына 3-4 ай қалғанда жұтқыншағымнан қатерлі ісік анықталды. Шығармашылығым тоқтап қалды. Ол кезде топ былық көп болып кетті. Бұлай ауырып жатқанда әйелің де, бала-шағаң да керек болмай қалады екен. Бастысы үміт, талпыныс пен тәртіп екен. Дәрігердің айтқанын бәрін істеп, 6 айда толықтай айығып шықтым", - деп ағынан жарылды Мұқашев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2159886-qaterli-isik-anyqtaldy-do-mazhor-anshileri-toptyng-tarauyna-qatysty-shyndyqty-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.