"Көнеміз ғой": әйгілі хиттің авторы "Сәт" триосын танытқан әннің тарихын айтып берді
Жарияланған күні:
2008 жылы қазақ эстрадасының көшіне үш жеткіншектен құралған ерекше топ қосылды. Зағип балалардан жасақталған музыкалық ұжым – "Сәт" триосы еді. Оларды елге танытқан "Көнеміз ғой" әні сол мезетте қаншама тыңдарманның жүрегін жаулап үлгерді. Ал аталмыш хиттің әнін жазған сазгер KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында бұл туындының шығу тарихы туралы естелігін бөлісті.
Қайтер едік, өмірге келмегенде, Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде?! Төземіз ғой, қайтеміз төзбегенде, Көлден тамшы бұйырмас шөлдегенде...
Сапарбай Алтыбай, Азат Әбілдаев және Тұрар Тұрмысов. Көзі нашар көретін үш бала әндеткенде талғамы биік тыңдарман бірден жылы қабылдап, олардың тағдыр жолына үңіле қараған еді. Жарыққа шыға сала хитке айналған "Көнеміз ғой" әнінің авторы – шымкенттік Садық Қынат есімді сазгер. Әуесқой композитордың айтуынша, ол туындыны арнайы тапсырыспен жазған.
"Бір күні серуендеп жүрсем, Нұржан Қожабеков деген продюсер жігітпен таныстым. Ол Шымкентте "Үміт" мектеп-интернатында оқитын үш зағип баланың басын қосып, бір топ құратынын айтты. "Сіз сазгер екенсіз, сол үшеуіне бір ән жазып берсеңіз" деді. Ол кезде мен поштада жұмыс істейтінмін. Мен кәсіби композитор емес екенімді айттым. Тек шабыт келгенде ғана ән жазамын дедім. Бірақ әлгі продюсердің өтінішін орындауға бел будым. Бір күні Мұқағали Мақатаевтың "Көнеміз де" деген өлеңін оқыдым. Бір қарасам, әлгі өлеңнің мәтіні сол үш зағип баланың тағдырына дәл келіп тұрғандай әсер қалдырды. Сол сәтте ыңылдап әуенін шығарып қойдым да, продюсер жігітке хабарластым. "Мынадай ән шығып тұр, үш балаға келеді. Бірақ өлең жолдарына сәл өзгеріс енгіздім. Әннің атауын да "Көнеміз ғой" деп өзгертіп, Мұқағали көкемнен кешірім сұраймын" дедім. Сондай-ақ өлең жолдарының түпнұсқасында "бақыт кездесіп қалса егер, тепе-тең қып екіге біз бөлеміз" деген жолдары бар. Мен соны "екіге емес, үшке бөлеміз" деп өзгерттім. "Сәт" триосында үш бала ғой. Мұқағали Мақатаев кешіретін шығар деп ішімнен айтып қойдым", - дейді сазгер Садық Қынат.
Композитордың әп-сәтте шығарған әуені "Сәт" триосының продюсеріне бірден ұнаған. Кейін сазгер жаңа әнді бойына сіңіру үшін әлгі зағип үш бала оқитын "Үміт" мектеп-интернатына арнайы барған.
"Сапарбай, Азат және Тұрарды бетпе-бет көрдім, үш баламен дайындалдым. Үшеуінің есте сақтау қабілеті мықты екен, "Көнеміз ғой" әнінің сөзін жаттап алды. Әнін менімен қосылып айтып отырды. Екі аптадан кейін студияға барсам, әнді өңдеп, тас-түйін дайындап қойыпты. Халықтың көңілінен шықты. Халықтың көпшілігі орнынан тұрып, жылағанын сәтін де көрдім", - деп еске аладыәнінің авторы.
Әдетте хит туынды жарыққа шықса, авторлардың қалтасы қалыңдайтыны туралы көп айтылады. Ал "Көнеміз ғой" әнін жазған сазгер талантты үш зағип баланың өнерде жұлдызын жаққанымен, продюсерден қаламақы сұрамапты.
"Тегін жазып бердім, бір тиын алған жоқпын. Әнді ұнатты, орындады. Зағип балалар ғой, кішкене қайырымдылық көмегім болсын деген оймен гонорар сұрамадым. Мен Шәмші Қалдаяқов немесе Алтынбек Қоразбаев емеспін. Мен әуесқой сазгермін. Қазақта сөз бар ғой: "Артыңда мал қалғанша, тал қалсын" деген. Ал менің ұстанымым: "Артыңда мал қалғанша, ән қалсын" деген ой", - дейді композитор.
Бүгінде "Көнеміз ғой" әнінің авторы топтың продюсерімен қарым-қатынасын әлдеқашан үзген, бірақ "Сәт" триосындағы жігіттер Садық Қынатқа жиі хабарласып тұратын көрінеді.
"Қазір "Сәт" тобындағы әншілер мені көрсе, "Садық ата" деп жүгіріп келеді. Мені үшеуі де әлі ұмытқан емес. Азат деген жігіт Астанада жүр екен. Өткенде хабарласты. "Ата, тойға шығатын ән жазып беріңізші. Қайғылы өлең айтасыңдар деп, бізді тойға шақырмайды" дейді. Бір-екі әнді дайындап қойып, Азаттың өзі хабарсыз кетті. Менен көңілді ән алғысы келген еді. Беруге дайынмын. Ол балалардың ешқандай кінәсі жоқ", - дейді автор.
Айта кетейік, кезінде зағип балалардан құралған "Сәт" триосы қазіргі таңда өнер ұжымы ретінде тарап кеткен. Топтағы Тұрар Тұрмысов денсаулығына байланысты шығармашылық жұмысын тоқтатса, Азат Әбілдаев пен Сапарбай Алтыбай бүгінде бір-бір отбасының отағасы. Екеуі де жеке әншілікті қолға алған.
Автор: Серікқазы Аязбаев
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2167558-konemiz-goi-aigili-hitting-avtory-sat-triosyn-tanytqan-anning-tarihyn-aityp-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.