Белгілі композитор "Ауырмайды жүрек" әні туралы ел естімеген деректерді айтты
Жарияланған күні:
"Ауырмайды жүрек" әні – Қайрат Нұртас шырқаған хиттердің үздік үштігінде. Жарыққа шыққан сәттен-ақ миллондаған жүректі жаулаған туындының әуені әлі елдің есінде, ал бұл әннің шығу тарихы туралы бұрын-соңды айтылмаған тың мәліметтерді композитор Бауыржан Есебаев KAZ.NUR.KZ тілшісіне айтып берді.
Ауырмайды жүрек, ауырмайды,
Сенсіз өткен күндер болмаса.
Ауырмайды жүрек, ауырмайды,
Сені ойлатқан түндер болмаса...
Композитордың айтуынша, кезінде талай тыңдарманның құлақ құрышын қандырған "Ауырмайды жүрек" әні әуелде көркем фильмге саундтрек ретінде жазылған. 2013 жылы Қайрат Нұртас пен Бауыржан Есебаевтың арасында шығармашылық тандемнің шарықтап тұрған кезі еді.
"Бір күні Гүлзира Айдарбекова "Бауыржан, не істейміз, Қайратқа тағы ән жазасың ба?" деп сұрады. Сол кезде мен "Гүлзира әпке, киноның дәуірі келе жатыр, мен киноға сценарий жазайын, сіздер кино түсіріңіздер" дедім. Кино түсірудің абыройы клип түсіргеннен де, ән жазғаннан да жоғары болады дедім. Өйткені "Ауырмайды жүрек" әні бір киноны хит қылатынын сезіп тұрдым. Сол сәтте Қайраттың анасы: "Кино түсіру туралы кімге айтамыз, кімге барамыз?" деді. Мен өзім команда жинаймын, сіздер ақшасын төлесеңіздер дедім. Сол киноға саундтректі мен жазайын дедім. Ол кісі қуана-қуана келісті. Сонымен сценарийді жазып біттік. Сценарийді жазу ұзаққа созылды, алты айдай жаздық. Сценарийді қолдарына ұстаттық. Сол кезде киноға саундтрек ретінде мен "Ауырмайды жүрек" әнін жазып шықтым. Сонымен киноны түсіреміз деген адамдар бір сәтте жоқ боп кетті. Себебі сол уақытта мемлекетте бір саяси ауыс-түйіс боп жатқан кез еді. Рахат Әлиевтің адамдары киноны түсіреміз деген екен, кейін Рахат Әлиев кеткеннен кейін, ол команда да құлдырап кеткен. Соңында ол кино түсірілмеді", - дейді сазгер Бауыржан Есебаев.
Осылайша продюсер Гүлзира Айдарбеков мен сазгер Бауыржан Есебаевтың киноиндустриядағы жоспары сәтсіз аяқталған. Содан кейін бұл туындыны Қайрат Нұртастың репертуарына ән ретінде қосу үшін автордан 1000 АҚШ долларына сатып алады. Композитор бұл әуенге арқау болған кейіпкер кім екенін, қандай махаббат хикаясы себеп болғанын айтып берді.
"Ауырмайды жүрек" – түсірілмей қалған кинодағы жігіт пен қыздың басынан өтетін жағдайларға арнайы жазылған ән. Ал түп-тамырына зер салсақ, композитордың басынан өткен оқиғасы жатыр. Яғни сазгер ретінде менің сезім елестерім, жанға батқан дүниелердің жиынтығы, қазіргі коуч-психологтардың сөзімен айтсам: "жүректегі бұрыннан қалған махаббат жарасы себеп болуы мүмкін. Алғашқыда мәтіні жоқ еді, кейін ақын Олжас Отарға сөзін жаздырдық. Осылайша "Ауырмайды жүрек" әні хит боп кетті", - дейді автор.
"Ауырмайды жүрек" әніне қатысты ел естімеген ақпараттар да бар. 2013 жылы Алматыдағы сауда ойын-сауық орталығындағы Қайрат Нұртасқа қатысты даудың туындауына да дәл осы хит себеп болса керек...
"Ауырмайды жүрек" әні хит болды. Сол әнді айтпадың деп, Қайрат Нұртасты кінәлап, жиналғандар сауда ойын-сауық орталығын төңкеріп кетті. Менің әлі есімде, қаланың басқа аудандарына дейін шу жалғасып кетті ғой. Ол енді ой-пиғылы дұрыс емес адамдардың ұйымдастырған әрекеті. Видеоны көрсеңіз, Қайрат Нұртас бірінші әнін айтқан кезде оны бөтелкемен ұрады, таспен атқылайды. Ән айтып жатқан адамды таспен атуға бола ма? Әдепсіздік қой. Содан кейін Қайрат сахнадан кетіп қалады. Сол сәтте халық "Ауырмайды жүрек" әнін айтуды талап етеді. Таспен атқылаған елге қалай ән айтады? Сол кезде саяси ойын боп кеткен сияқты. Ал Қайрат Нұртас сол жерде құрбан боп қалды", - дейді Есебаев.
Кезінде өнер жолында бірлесе жұмыс істеген композитор Бауыржан Есебаев пен әнші Қайрат Нұртастың қазір бірге емес. "Ауырмайды жүрек" әнінен кейін қос тараптың шығармашылық байланысы үзілген көрінеді.
"Қайрат Нұртаспен негізі қарым-қатынасым жақсы, бірақ бір кездері мен туралы дұрыс емес әңгімелер айтты. Кейін өзара кездесіп, ол мәселені шештік. "Орталарың дұрыс емес пе" деген әңгіме қайдан шығады? Ол қазір менің әндерімді айтпайды. Егер сен сондай биікке шықсаң, сен танымал болсаң, саған композитор да, ақын да, ән өңдеуші де, ұсыныс та көбейеді. Маған мұқтаждықты солар жауап тастайды. Жан-жақтан әндер төгіліп жатады. Одан кейін олар да "бір Есебаевтың ізімен жүре беремін бе" деп ойлайды. Жұлдыздар уақыт өте келе ақырындап алыстайды. Сөйтіп Қайрат екеуміздің арамыз алшақтап кетті. Басты себеп сол ғана", - деп сөзін түйіндеді композитор.
Автор: Серікқазы Аязбаев
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2168836-belgili-kompozitor-qairat-nurtas-oryndaityn-auyrmaidy-zhurek-ani-turaly-el-estimegen-derekterdi-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.