Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Такси жүргізушісі болып жүр: "Аспанға қараймын" әнінің авторы Абай Бегейге неге ренжулі

Жарияланған күні:

Дәуір Абайұлы
Дәуір Абайұлы. Видеодан кадр: youtube.com/ KTK TV

Отандық эстрада жұлдызы Абай Бегейдің жұлдызын "Аспанға қараймын" әні жаққаны баршаға мәлім. Алайда көпшілік осы туындының авторы Дәуір Абайұлы екенінен бейхабар. Сазгер бүгінде такси жүргізушісі болып қызмет етіп жүр, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Аспанға қараймын" әнінің төңірегіндегі әңгіме "Астарлы ақиқат" бағдарламасында талқыға түсті. Студияға келген Дәуір Абайұлы өз әнін Ұлықпан Жолдасовтың өтініші бойынша Абай Бегейге бергенін алға тартты. Ал қазір сазгер күнкөріс қамымен такси жүргізуге мәжбүр.

"Жалпы екі қолға бір жұмыс керек қой. Шынын айтқанда, қазір шығармашылықтан біраз жырақтап қалдым. "Аспанға қараймын" әнім хит болды, халық "авторы Қызылорданың жігіті екен" деді. Одан басқа келіп-кетер байлығы да, пайдасы да болған жоқ", - деді ол.

Сазгер Абай Бегей екеуінің арасында осыған дейін де кикілжің туындағанын жасырған жоқ.

"Абай Бегеймен қазіргі уақытта қарым-қатынасымыз қатты жақын деп те айта алмаймын. Бір-екі рет көмек сұраған болатынмын, бірақ "жоқ" деген соң бәрі түсінікті болды. Содан қоя салдым. Абай Бегей сол әнмен барлық жағдайын жасады. Бір хабарласып, "Дәке, қалың қалай, не істеп жатырсың?" деп сұраса болар еді.

Әрбір хит болған әннің авторының көкейінде жүрген өкпесі бар деп ойлаймын, мен де сол жағынан өкпелі болдым. Ақшалай көмек сұрағанымда "жоқ" деді. Оған дейін де арамызда біраз түсініспеушілік, кикілжің болғаны рас", - деді Дәуір Абайұлы.

Ал Абай Бегей сазгерден кешірім сұрап, тағы да бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

"Аспанға қараймын" әнін 30 мың теңгеге алдым. Ол кезде 30 мың теңге табу қиын еді. Бір ренжітіп алғаным бар. Үйленгенімде той тізіміне 120 адам жазғанмын, Дәуір қалып кетіпті. Жас бала емеспін, қиын кезең еді, ұмытылып кеткен.

Содан ренжіп, Facebook желісіне жазған, содан кейінгі тойлардың бәріне шақырамын. Алматыға келіп, қиналып жүрген кезін де білемін. Асабалық қызмет етіп, әндер жазып жүр екен.

Дәуірдің ренжіп қалатын мінезін байқаймын. Дәуір, інім, менен кеткен қателік болса, тойға шақырмағаным және бірінші концертке қатыспағаның үшін кешірім сұраймын, сыйлаймын, құрметтеймін. Арамызда сыйластық болсын, тағы әндер болып жатса, маған жіберсең болады. Бірге орындайық", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2168872-taksi-zhurgizushisi-bolyp-zhur-aspanga-qaraimyn-anining-avtory-abai-begeige-nege-renzhuli/