2024 жылдың ең қымбат экшн-комедиясы көрерменге жол тартты
Жарияланған күні:
9 қазанда Алматыда El Qazyna Entertainment ұсынған "Адал алаяқтар" атты шытырман оқиғаға толы комедияның тұсаукесері өтті. Жабық көрсетілімде елімізге танымал тұлғалар, өнер жұлдыздары мен спорт майталмандары бой көрсетті. Кешке KAZ.NUR.KZ тілшісі де барып, фильмді тамашалап қайтты.
Фильм тұсаукесеріне келгендер қатарында танымал өнер иелері Қуандық Шәкіржанов, Қуаныш Құдайберген мен Меруерт Түсіпбаева бар. Сондай-ақ Kalifarniya-ның жұбайы Анель, Сора Рахмонова мен Нұрсұлтан Орынбасаров, Қабдол мен Ерболат Беделхан да қонақтар қатарын толықтырған.
"Адал алаяқтар" толықметражды фильмі Түркияның Анталья қаласында таспаланған. Бүгінде ол 2024 жылы түсірілген ең қымбат экшн-комедия болып отыр. Ал тұсаукесерге актерлік құрам мен фильмнің жарыққа шығуына атсалысқан команда түгелдей дерлік жиналды. Кинокартинаны тамашалауға келген жұрт кинотеатрдың қос залын лық толтырды.
Фильмде ірі кәсіпкердің ұлы Қуаныш, досы Мага мен сүйіктісі Бота үшеуі әкесінен ақша алып, көңіл көтеру үшін әртүрлі амалдар тауып жүреді. Бірде Қуаныш өзін лаңкестер алып қашты деп алдап, әкесінен қомақты ақша алмақ болады. Бірақ оның жоспары іске аспайды. Себебі Қуаныш пен Маганың көзінше әкесін әлдекімдер ұрлап кетеді. Әрі қарай Қуаныштың әкесін құтқарудағы шытырманға толы оқиғасы баяндалады.
Кинотуындыда басты рөлдерде Дулыға Ақмолда, Ақбота-Нұр Абайқызы, Рүстем Жаныаманов пен Ермек Шынболатов, Мағжан Нұрғали ойнаған. Одан бөлек, фильмде "Осман", "Мехмет: жаулаушылар сұлтаны" сериалдары мен "Гулизар" фильмінде ойнаған танымал түрік актері Ибрагим Темизоглу бой көрсеткен. Ол фильмнің тұсаукесеріне Түркиядан арнайы шақыртылған.
"Ең үлкен кемелерді, ең қымбат яхталар мен виллаларды алдық. Фильмді тамашалаған кез келген адам оны байқайды. Түсірілімге түрік және қазақ Nomad каскадерлік тобы атсалысты. Жалпы командаға шығармашылық еркіндік бердік. Гай Ричи, Джейсон Стэтхем фильмге түскен локацияларды қамтыдық. Фильмді таспалауға 400 млн теңге жұмсадық. Сондықтан ең қымбат экшн-комедия деп айта аламыз", - дейді фильмнің бас продюсері Марат Ақмұрзаев.
Фильм тамашалау барысында көрерменнің көңіл күйі көтерілген де, көзіне жас алған да сәттері болды. Бұл туынды тек әзіл-қалжыңмен ғана емес, Түркия мен Қазақстанның достық қарым-қатынасын көрсету арқылы көптің көңілінен шықты.
"Атмосфера керемет. Түрік бауырларымызбен бірге түсірілген "Адал алаяқтар" фильмі. Отандық өнімді, отандық продюсерлерді қолдайық. Тұсаукесер де жақсы өтіп жатыр", - деді фильм көруге келген Меруерт Түсіпбаева.
Ал депутат Нұрсұлтан Орынбасаров комедияны тамашалай отырып, өмірін ой елегінен өткізгенін жасырған жоқ.
"Осы фильмді көріп отырып, өмірден алынған жағдай екенін түсіндім. Мұнда отбасы құндылығы, әке махаббатының жетіспеушілігі, сеніп жүрген адамының сатқындығы, көреалмаушылық мәселесі көтерілген. Өмірде де мұндай жағдайлар көп кездеседі ғой. Басты рөлдегі Дулыға Ақмолдаевтың орнына өзімді қойып, өмірдегі кейбір сәттер есіме түсіп отырды. Адал болып көрінгісі келетін алаяқтар расында көп. Керемет әсер алып қайттық", - деді ол.
Бұл пікірді кешке келген әншілер де қолдады.
"Фильм керемет. Өзім бастан-аяқ тек күліп отырдым. Күлдіріп отырып, ойландыратын тұсы да көп болды. Барлық актер өз желісін тамаша сомдап шыққан. Әсіресе, Маганың рөлі көңілімнен шықты. Оны айтпасқа болмас", - деді Кешью тобының экс-солисі Наргиз Алтайбай.
Кинотуындының қоюшы режиссері – Бақытжан Жиеналы. Фильмнің Шымкенттегі тұсаукесері 10 қазан, ал Астанадағы алдын ала көрсетілімі 11 қазан өтеді. Жалпы экшн-комедия бүгіннен бастап Қазақстанның барлық кинотеатрында көрерменге жол тартты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2172970-2024-zhyldyng-eng-qymbat-ekshn-komediiasy-korermenge-zhol-tartty/