"Ұрлықшы атанғаныма жүрегім ауырды": Тоқтар Серіков өзін "әнімді ұрлады" деп айыптаған сазгер жайлы айтты
Жарияланған күні:
Тоқтар Серіков осыдан біршама уақыт бұрын өзін "әнімді ұрлады" деп айыптаған сазгерге қатысты пікір білдірді. Әнші шығармашылығы туралы Әйгерім Сейфолламен "Сырласу" бағдарламасында әңгіме тарқатты.
Тоқтар Серіковтің айтуынша, дауға айналған "Ауылға барамын" әні ата-анасына деген сағыныштан туған. Алайда сол туындысы ауылдасы Арайлым есімді қыздың әніне ұқсап кеткен көрінеді.
"Осыдан бірнеше жыл бұрын анам дүниеден қайтқаннан кейін үлкен сағыныш жүретін. Бұл негізі әкем қайтқанда басталды. Сөйтіп жүргенде анам да қайтты, оның артынан іле-шала арқа сүйер ағаларымыз да қайтып кетті. Соның бәрі санама әбден жиналды. Қазір ауылға жай "ауылға келемін" деген желеумен келесің. Ағайындарымды бөлмеймін, олар да әке-шешем сияқты құрметтейді, бағады. Дей тұрғанмен, біз қатты сағынып келетін адамдар жоқ. Сол жанға батады.
Солардың құрметіне жазылған "Ауылға барамын" деген әнім шыққан. Әнін де, сөзін де өзім жазғанмын. Бір қызығы, жерлес Арайлым деген қарындасымның әніне ұқсап кетіпті. Мен ол қарындасымды бұрын-соңды тыңдамағанмын, көрмегенмін. Бірақ әннің ұқсас жерлері бар", - дейді Тоқтар Серіков.
Әнші әңгіме барысында мұндай жағдайға өмірде алғаш рет кезіккенін, бірақ сол шудан кейін "Ауылға барамын" әнін мүлде орындамай кеткенін алға тартты.
"Содан қарындасымды жанындағылар күйттеген бе, білмеймін. Ол кісі ерте қимылдап, мені телеарналарда қатты жарнамалап жіберді. Сол ғана жаныма батты. Мен жерде жатқан затты көтеріп алып, "менікі" деп қалтама салып көрмеген адаммын. Әлемдегі ең жек көретін нәрсем – ұрлық. Сол себепті ұрлықшы атанғаныма жүрегім ауырды. Бірақ қазақ ақпаратты екі жақтан пікір алмай, біржақты таратып жіберді. Содан менің өкпем қара қазандай", - деді ол.
Мен осы басыммен кішірейіп, қарындасымды іздеп, алдына бардым. Сөйлестік, дау шешілді. Соттасақ, ұзаққа баратын болды. Біріншіден, мен оны қыз бала ретінде құрметтедім. Екіншіден, аяулы ана деп есептедім. Үшіншіден, туған ауылымның ауасын жұтқан, табанын жерге тіреген жерлесім ғой. "Тоқтар аға сондай атағымен қарындасына солай істей ме екен?" деп ертең ел айтпасын деп, бірден қарындасыма аттан түсіп, жол бердім. "Сен айта ғой, сенің әнің болсын, мен бұл әнді тоқтатамын" дедім. Сол тоқтатқан күннен бастап бірде-бір рет айтып көрмедім. Өмірімде бірінші рет болған оқиға", - деп түйіндеді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2176892-urlyqshy-atanganyma-zhuregim-auyrdy-toqtar-serikov-ozin-animdi-urlady-dep-aiyptagan-sazger-zhaily-aitty/