"95 келі болдым": Зарина Омарова күйеуі онымен бірге жүруге ұялғанын айтты
Жарияланған күні:
Қазақстандық танымал әнші Зарина Омарова өнерден алшақтап, үйде отырған кезін еске алды. Өнер иесі қатты толып кеткен кездері жолдасы онымен бірге жүруге ұялғанын ашып айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Зарина Омарова бұған дейін еш жерде айтпаған жайтты "Мамский әңгіме" подкастында ақтарды. Әнші жолдасымен бір жиынға барғанда оның толықтығы үшін ұялғанын байқаған. Бұл жағдайдан кейін өнер иесі таңға дейін жылағанын жасырмады.
Омарова бұл ауыр күн оның өмірін түбегейлі өзгерткенін жеткізді.
"Мен баламен үйде отырғанда Ақтөбе қаласында тұрдық. Күйеуім сол жақта жұмыс істеді. Бір күні қонаққа бардық. Маған ақша беріп, әдемі көйлек алуымды өтінді. Өзіме ұнайтын көйлек таппадым. Ұнатқан көйлектерім сыймай қалды. Ол кезде салмағым 95 келі болатын. Содан шақырған жерге бардық. Қара көйлек киіп бардым. Кілең бастықтар шақырылған және әйелдерімен жүр. Үйде отырған әйел бәрібір интернеттен неше түрлісін оқып отырса да, практика жүзінде басқаша көрінеді. Ол жақтағы әйелдердің шаш үлгісіне дейін ерекше көрінді. Бір кезде кісілер бірдеңе айтып, мені меңзегендей күлді. Күйеуім, маған қарап, "ана жаққа барып тұршы" деді.
20 минут өткеннен кейін, жүргізушіні шақырып үйге кетіп қалдым. Күйеуімді кінәлаған жоқпын. Өзімді жазғырып, таңға дейін жыладым. Түнгі 3-те отырыстан күйеуім келгенде, бәрін айттым. 8 жыл үйде отырмын. Енді мен сахнаға шығамын. Өзіме қарап, әдемі болғым келеді" деп жыладым. Ол да түсінгендей болып, мені жұбатуға тырысты. Сол оқиғадан кейін өмірім күрт өзгерді. Содан жолдасыммен бәстесіп, салмақ тастауға шешім қабылдадым. Мен “арықтап, өзімнің қалпыма келемін, сен маған ақша бересің және сахнаға шығарасың” дедім. Ол берген уәдесінде тұрып, қалаған дүниемді сатып алып берді", – деді әнші.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2181027-95-keli-boldym-zarina-omarova-kuieui-tolyqtygy-ushin-onymen-birge-zhuruge-uialganyn-aitty/