Алғашқы хит болған туындысы - Толғанай: Құрманай Бақтиярқызының тағдыры мен танымал әндері
Жарияланған күні:
28 қазанда танымал ақын, сазгер Құрманай Бақтиярқызы дүниеден озды. Құрманай Бақтиярқызы – қазақтың өнері мен мәдениетіне үлкен үлес қосқан белгілі әнші, ақын, халық өнерінің шебері. Оның өмірі, шығармашылығы, әрі өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы қазақ өнерінде ерекше орын алады. Мақаламызда өнер иесінің шығармашылығы мен өмірі туралы баяндаймыз.
- Қазақтың танымал ақыны, сазгері және әншісі Құрманай Бақтиярқызы 28 қазанда дүниеден озды.
- Ол Түркістан облысы Қазығұрт ауданында дүниеге келіп, жастайынан өлең жазып, айтыстарға қатысқан және домбыра тартуды үйренген.
- Құрманай Бақтиярқызының "Толғанай", "Вокзалда қауышқан қыз", "Жаяу", "Алматының түндері-ай" сияқты танымал әндері бар, оның шығармашылығы терең мағыналы және халық жүрегіне жақын.
Өнерпаздың өмірі
Құрманай Бахтиярқызы Түркістан облысы Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Ата-анасының тұңғышы. 5-сыныптан бастап өлең жазған. Тағы бір қызық дерекке тоқталсақ, Құрманай Бахтиярқызы КТК телеарнасындағы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында өнерге келмесе, дзюдошы болар едім деп ағынан жарылған. Өзінің сөзінше, белгілі бір спорттық дәрежесі болмаса да, аймақтық ірі жарыстарға қатысқан екен. Бұл спорт түрінен қара белбеуі бар екенін де айтқан.
Құрманайдың әкесі Бахтияр Алшоразов Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы драма театрының директоры Ахмет Өтебаевқа келін болып түскенін айтқан. Алайда 6 айдан кейін дәм-тұзы жараспай, ажырасып кеткен. Бахтиярқызы өмірі туралы емін-еркін ашық сұхбат беріп, 18 жасында тұрмысқа шыққанын және үш рет тұрмыста болғанын айтып берген. Бірінші некеден Ханшайым есімді қызы дүниеге келген. Арада біраз жыл өткен соң екінші рет тұрмысқа шығып, бұл некеден Толғанай деген қызы өмірге келген.
"Ер азаматтарға таңғаламын, тоғыз ай толғанып тапқан Толғанайымды "менің қызым емес екен, ел айтты, жел айтты" деген еді. Сол сөзі үшін кетіп қалғанмын. Аллаһ тағалаға асылық сөйлемеу керек, сол жігіттің әлі перзенті жоқ екен. Шын айтқан шығар, ойнап айтқан шығар, бірақ сөзге мән беретін ақын ондай сөзді көтере алмай, кетіп қалғаным бар", - деп ағынан жарылған еді ақын.
Өнерпаз үшінші күйеуі өзінен 12 жас кіші болғанын да айтқан. Сол некеден туған ұлы бар екен.
Әкесі Бахтияр Алшоразов сұхбатында атақты күйші Секен Тұрысбековтен домбыра әкеліп бергенін айтып берген.
"Күйші болса екен дедім. Басында тартып жүріп, сол домбыраны кейін игеріп кетті. Сондай қасиеттері бар", - деген екен әкесі. Бұл кезде 8-сыныпта оқып жүрген бала Құрманай айтыстарға қатысып жүріпті.
Өнерпаздың халық жүрегіне жеткен шығармашылығы
Құрманай Бақтиярқызының шығармашылық жолы көп қырлы. Ол әншілік, ақындық, күйшілік өнерімен танымал. Оның репертуарында қазақ халқының дәстүрлі әндері ғана емес, сонымен қатар заманауи тақырыптардағы туындылары да бар. Әндерін орындау барысында ол халықтық әндер мен дәстүрлі әуендердің ерекшелігін сақтай отырып, оларға жаңа леп қосады. Оның шығармалары терең мағыналы, өмірдің мәнін, адамдар арасындағы қарым-қатынас пен табиғат сұлулығын арқау етіп, тыңдарманның жүрегіне жетеді.
Алғашқы туындысы – "Толғанай". Бұл сөзге жазылған әнді Асқар Жүнісбеков шырқап, хит болған еді.
"Бұл әнді Асқар Жүнісбеков хит болады деп, маған сөз жазып беруін сұраған. Бірақ кейінірек ол туралы ұмытып кетіппін. Бір күні аранжировкасы дайын, әпке, маған өлеңнің сөзі керек" деп хабарласты. Мен дереу, құдай өзі кешірсін, көлікте отыр едім, үйге барған соң жіберемін, негізі жазып қойғанмын деп өтірік айттым. Содан сол көлікте отырып, "Толғанай" деген әннің өлеңін жазып берген едім. Екі аптадан кейін Асқар хабарласып, бұл сол 2008 жылы шығып жатқан барлық телефонда болған ән еді", - деп баяндаған өлең авторы.
Белгілі әнші Серік Ибрагимов Құрманай Бақтиярқызының 2013 жылы "Вокзалда қауышқан қыз" атты өлеңін жазып бергенін айтқан. Ал бір жыл оздырып, "Жаяу" атты әнге сөзін жазған екен. Бұл әнге түсірілген бейнебаян Youtube-те 10 миллион қаралым жинаған.
Ал Қайрат Нұртас айтатын "Алматының түндері-ай" әні әлі күнге елде хит.
"Бұл әнді Гүлзира (Айдарбекованы айтып отыр – авт. ескертпесі) таңғы бесте күтіп алып, тез арада әннің сөзі керек деп қолқа салды. Бұл әннің сөзін жазып жатып ұйықтап кеткен кезім болған. Сонда Гүлзира оятып алатын", - деп еске алады ақын.
Естеліктер
Құрманай Бақтиярқызы жайлы оның замандастары мен өнерсүйер қауым жылы естеліктер қалдырған. Оның қарапайымдығы, еңбекқорлығы мен өнерге адалдығы бәріне үлгі. Ол өз өмірінде талай сахнаға шығып, әрбір орындаған әні мен жыры арқылы халыққа қуаныш сыйлаған, ұлттық өнердің жаңғыруына үлес қосқан тұлға.
Оның туындылары арқылы тыңдарманға жеткізген өмірлік құндылықтары қазақ өнерінің асыл мұрасына айналып, бүгінге дейін халық жадында сақталып отыр.
Әнші Мөлдір Әуелбекова Бақтиярқызы жазған әйгілі әндерді еске түсірді.
"Әпке, қош бол! Махаббат символына айналған “Бірге жанымыз”, әрбір баланың бесік жырына айналған "Балапаным" сыңды әндердің мәтіні сіздің кең жүрегіңізден шыққан еді… Осы әнімде де, "халқым" - деп, тілегіңізді тілеп кеттіңіз ғой… Алла сізді панасына алсын…", - деп еске алған Мөлдір Әуелбекова.
Ал Құрманайдың құрбысы Динара Сәтжан ақынмен қалай танысқаны туралы айтып берген.
"Көктемде Құрманай Бақтиярқызы ауыр сырқаттанып қалды деп естідім. Ота жасатқан. 20 күн комада жатқан. Жазылып кеткен еді. Ал кеше дүниеден өтіпті. Қазақстандық ақын. Әнші. Сазгер. Қайрат Нұртас орындайтын "Алматының түндері-ай" және басқа да әндерінің авторы. Өте шынайы. Дарынды. "Егіз-Лебіз" жобасында танысып, құрбы болып кеткен едік. Иманды болсын. Жатқан жері жайлы,топырағы торқа,жаны Жәнната болсын", - деп жазды Динара Сәтжан.
Қайрат Нұртастың продюсері әрі анасы Гүлзира Айдарбекова ақынның қазасын естірткенінде терең қайғысын айтып, марқұмға деген қимастығын жеткізген.
"Жаным Құрмашым, әлі сенер емеспін, жақсы адамым! Жаның жәннатта болсын! Жақында ғана Құрмашым телефон соғып, дауысы саңқ ете қалды: Гүлім менің…, саған арнап жаздым ватсабыңды оқышы деп, жіберіп еді, қоштасқың келіп, айта-айта жүрсін дедің ба екен", - деп жазды ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2181960-algashqy-hit-bolgan-tuyndysy-tolganai-qurmanai-baqtiiarqyzynyng-tagdyry-men-tanymal-anderi/