Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жігіттер" квартеті қалай құрылды

Жарияланған күні:

"Жігіттер" тобы
"Жігіттер" квартеті. Көрнекі сурет: ticketon.kz

"Жігіттер" квартетіҚазақстанның музыка әлемінде ерекше орын алатын топтың бірі. Бұл топтың шығармашылығы тек халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп қана қоймай, қазақтың ән дәстүрін жаңа қырынан танытуға зор үлес қосып келеді. Топтың құрылу тарихы, қиындықтар мен жетістіктерге толы жолы туралы мақаламызда тарқатып жаздық.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • "Жігіттер" квартеті 2003 жылы Шымкентте құрылып, бастапқы жылдары республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болды.
  • Топ мүшелері бастапқы кезеңде қаржылық қиындықтарға тап болғанын, мысалы, Айдар Байжанов дәмханада әр әнді 50 теңгеге айтқанын және алғашқы костюмдерін 5000 теңгеге сатып алғанын айтады.
  • "Жігіттер" квартеті халық әндері мен заманауи әндерді үйлестіріп, қазақ эстрадасының танымал тобына айналып, Forbes (ҚР) шоу-бизнес жұлдыздары рейтингінде алғашқы ондықтан көрінді.

"Жігіттер" квартеті қашан құрылды?

"Жігіттер" тобы — 2003 жылы Шымкент қаласында төрт жігіттен құралған квартет. Топ мүшелері өнердегі ұстазы Әбдіхан Нұрмағанбетовтың жетекшілігімен республикалық "Арай — 2003" байқауына қатысып, жүлдегер атанған еді. Квартет сол жылы Шәмші Қалдаяқов атындағы "Менің Қазақстаным" атты халықаралық байқауының бас жүлде иегері атанды.

2005 жылы топтың "Ерке қыз" атты алғашқы үнтаспасы жарық көрді. "Жігіттер" тобы 2006 жылы осы атаумен Республика сарайында тұңғыш рет халық алдында жеке есеп беру концертін өткізді.

2007 жылы "Бақытты бол" атты екінші ән жинағы жарыққа шықты. Осы жинақ шыққан соң Еркін Нұржанов топтан бөлек кетті. Оның орнына көп ұзамай Мырзахан Маханов келді.

2011 жылы "Туған жер" және "Балқадиша" атты екі бірдей күйтабақ шықты. Топ қоржынында ондаған бейнебаян, 80-нен астам ән бар.

Елдің жүрегінен орын алған "Ерке қыз" әніне бейнебаян түсіріліп, ерекше үнімен таныла бастаған оңтүстіктің өнерлі жігіттері өнер ордасы Алматыда жарқырай түсті. Продюсер Ерғали Әбдірайымовтың көмегімен үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, өнер әлемінде әлі де әдемі әндерімен көпшілікті тамсандырып келеді.

Уикипедия топ құрамы туралы мынадай ақпараттар ұсынады:

  • Айдар Байжанов. 1984 жылы 20 шілдеде Түркістан облысында дүниеге келген.
  • Бағлан Әбдірайымов 1983 жылы Түлкібас ауданы, Ақсу-Жабағылы елді мекенінде дүниеге келген.
  • Ердос Қанаев. Ордабасы ауданы, Шұбар елді мекенінде дүниеге келген.
  • Мырзахан Маханов (топқа 2007 жылы қосылды). 1984 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Оған дейін квартет құрамында әнші Еркін Нұржанов өнер көрсетті.

5000 теңгеге сатып алынған алғашқы костюм

"Жігіттер" квартеті құрылған кезде барлығы бірнеше жыл бойы бір пәтерде тұрған. Жастайынан бірге өскен жігіттер топта да бір үйдің баласындай бола білді.

"Топ басталғанда киімге қатты жарыған жоқпыз. Қара костюм 5000 теңгеден алынды. Төрт костюм-шалбар алдық. Ең алғаш университеттің атынан республикалық байқауға Атырауға бардық. Сол кезде біздің киіп шығатын костюміміз КВН ойыншыларыныкі еді. "Аманатқа қиянат жасамай, әкеліп береміз" дедік. Бірақ Еркін (Нұржанов - ред.) шалбарын үтікпен күйдіріп тастады. Сол қиянат болып қалды. Басталғанда киімге жарыған жоқпыз. Киетін киім жоқ. Әбдіхан (Нұрмаханбетов - ред.) ағайымыздың конкурсқа киген киімдері бар екен. Төртеуімізге бір-бір көйлек берді. Сол кісінің көйлектерін киіп шықтық", - деп еске алды топ мүшесі Бағлан Әбдірайымов "Хабар" арнасының "Ұйқым келмейді" бағдарламасына берген сұхбатында.

Сұхбат барысында топ әншісі Айдар Байжанов дәмханада ән шырқаған кездері жайлы айтты. Оның айтуынша, ол әрбір әнді 50 теңгеге айтқан көрінеді.

Бастапқыда жалақым 7000 теңге болды. 2001 жылы ол үлкен ақша. Сол кезде ауылдан қалаға енді келіп, Шымкент дәмханаларының бірінде жұмыс істедім. Әр әнді 50 теңгеге айттым, ақшаны қолма-қол беретін. Ол кезде музыкалық аппаратқа қол жете бермейді, әнді гитарамен айтатынмын. 7000 теңге бәріне жететін, оқуымның ақысын төлеп, әке-шешеме де жіберіп отыратынмын. Ол жерде 1 жыл жұмыс істедім, дауысымды шыңдадым, - дейді әнші.

Топ мүшелерінің шеберлігі, үйлесімді дауыстары және қазақтың ескі әндерін жаңаша жеткізуі көпшіліктің назарын аудартты. Топтың репертуары халық әндері мен заманауи әндерден құралған, бұл оларды жас буын арасында да танымал етті. Жігіттер ұлттық дәстүр мен заманауи бағытты шебер үйлестіріп, тыңдармандардың рухани демалуына септігін тигізеді. "Жігіттер" тобы Forbes (ҚР) шоу-бизнес жұлдыздары рейтингінде алғашқы ондықтан көрінді.

"Жігіттер" квартеті шығармашылық жолында талай жетістікке жетті. Олар түрлі республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, үздік орындаушылар қатарынан табылды. Топтың еңбегі бірқатар марапаттармен бағаланып, қазақ эстрадасының үздік топтарының бірі ретінде танылды.

2011 жылы топтың тарайтыны туралы ақпарат пайда болған еді, алайда ол тек қана қауесет болып шықты. Топ мүшелері достық қарым-қатынаста және әлі күнге дейін бірге өнер көрсетіп келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2182106-zhigitter-kvarteti-qalai-quryldy/