Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мамандығы агроном болған: марқұм Ақжол Мейірбековтің өмірі мен шығармашылығы туралы не білесіз

Жарияланған күні:

Ақжол Мейірбеков
Әнші - Ақжол Мейірбеков. Көрнекі сурет: zvuk.com

Ақжол Мейірбеков – қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған әнші. Әдемі үнімен өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген тұлға өмірден өтсе де, есімі елдің есінде сақталатыны сөзсіз. Бұл жазбамызда талай жанның жастық шағының естелігі болған "Дос-Мұқасан" ансамблінің әншісі Ақжол Мейірбековтің өмірі мен шығармашылығы жайлы мәліметтер ұсынамыз.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Ақжол Мейірбеков - 1950 жылы Түркістан облысының Арыс қаласында дүниеге келген, ұлттық өнерге өмірін арнаған әйгілі қазақ әншісі.
  • Ол өзінің шығармашылық жолында "Дос-Мұқасан", "Арқас", "Сазген", "Адырна" және "Гүлдер" сияқты танымал ансамбльдерде өнер көрсетіп, 2001 жылы "Ақжол" ән-театрын құрды.
  • Ақжол Мейірбеков Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атағын алып, "Ерен еңбегі үшін" медалімен және "Құрмет" орденімен марапатталған, ол 2023 жылдың 25 қарашасында дүниеден озды.

Өмір жолы

Ақжол Нұсқабекұлы Мейірбеков 1950 жылы Түркістан облысының Арыс қаласында дүниеге келіп, өмірін ұлттық өнерге арнады. Оның орындаушылық шеберлігі, ұлтқа деген сүйіспеншілігі мен халқына адалдығы өз алдына бір төбе.

Ақжолдың ата-анасы өнерден құр алақан емес еді. Ауыл-аймақтың, ағайын-туғанның басы қосылған жиын тойларда әуелете ән шырқайтын кісілер болған. Ал әжесі Үрзада қарапайым үй шаруасындағы әйел болғанына қарамастан, керемет дауыс иесі болған. Тіпті, ол кісінің салған әні талайларды таң қалдырыпты деседі. Бұл туралы qazaquni.kz сайтында жарияланған "Ақжол Мейірбеков: Ұлттық өнерді дәріптеу - басты мақсатымыз" сұхбатында айтылған.

Айтуынша, сонау Кеңес заманында қазақтың әйгілі әншісі, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі Күләш Байсейітова Арыс қаласына гастрольдік сапармен келіпті. Сонда әженің айтқан әніне ол кісінің өзі тәнті болып, өздерімен бірге Алматыға жүруін сұраған. "Қазақконцерт" ұжымының құрамына қабылдайтындығын айтып, қолқа салған. Мұны естіген Салый атасы үзілді-кесілді қарсы болыпты. Сондықтан, әжесі ауылдан әріге аса алмай қалып қойған. Бүгінде ойлап қарағанда, қасиетті өнер сонау дүние есігін ашқан сәтінен бастап, бесікте жатқанда-ақ құлағына сіңген екен.

Ақжол Мейірбеков мектеп бітіргеннен кейін Өзбекстанның Наманған қаласындағы музыка училищесін тәмамдады. Музыкалық білімін жетілдіріп, Ташкент ауыл шаруашылығы институтында агроном мамандығын меңгергенімен, оның жаны өнерде болғандықтан, болашақта сахнада қазақтың әні мен өнерін паш етуге бел буды. Жас кезінде алған білімі мен өнерге деген қызығушылығы оны елдің сүйікті әншілерінің біріне айналдырды.

Шығармашылық жолы

Ақжол Мейірбековтің шығармашылық жолындағы алғашқы үлкен жетістіктерінің бірі – 1972 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық "Алло, біз таланттарды іздейміз" байқауының гран-при жүлдесін жеңіп алуы болды. Бұл байқауда ол халық әні "Айгөлекті" орындап, халықтың ықыласына бөленді. Осы жетістік оның ұлттық музыканы дәріптеп, шығармашылығын жаңа деңгейге көтеруге бастама болды.

1978 жылы Мейірбеков аты аңызға айналған "Дос-Мұқасан" ансамбліне қосылып, ең танымал солистің бірі атанды. Ол 1985 жылға дейін осы ансамбльде өнер көрсетіп, халықтың сүйікті әндерін орындады. "Дос-Мұқасан" құрамында жүріп, ол қазақ музыкасын танытуға үлес қосты.

Ақжол Мейірбеков "Дос-Мұқасан" ансамбліне қалай қабылданды? Бұл жөнінде әнші өзі берген сұхбатында былай деген екен:

"Училище қабырғасында жүріп, Бүкілодақтық "Алло, біз таланттарды іздейміз" телебайқауының лауреаты атандым. Ә деген бетте-ақ жұлдызымның жарқырап жануы – өнерімнің одан әрі өрлеуіне даңғыл жол ашып бергендей еді. Талантты жастарға ол кезде айрықша қолдау көрсетілетін. Жан-жақтан "құда түсушілер" де көп болды. Сөйтіп жүргенде Ташкенттегі Ауылшаруашылығы институты оқуға шақырып, аталған оқу орнында жоғары білім алдым. Осы сәттерде елден шақырту көп келетін. "Гүлдер" ансамблінің сол кездегі көркемдік жетекшісі Тасқын Оқапов, Орталық Комсомол Комитетінен Серік Әбдірахманов, "Дос-Мұқасаннан" Мұрат Құсайынов сынды азаматтар елге оралып, еңбек етуге ұсыныс жасады.

Сонда әжем: "Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол" дегенді дана халқымыз тегіннен-тегін айтпаған. Ең дұрысы – елге қайтып, "Дос-Мұқасанның" құрамына қабылданғаның жөн" деп ақылын айтып отыратын. Ойлап қарасам, қарияларымыз шынында да ақылы асқан дария екен-ау деймін. Сөйтіп ақыры Ауылшаруашылығы институтынан алған табақтай дипломды сандықтың түбіне салып, музыкалық мамандық бойынша алған "кіші" дипломмен-ақ жұмыс істеуге бел шеше кірісіп кеттім. Әрине, ол кезде "Дос-Мұқасанның" мүшелігіне бірден қабылдана қоймадым. Ансамбль жетекшісі Мұрат Құсайынов дауысымды, ән орындаудағы шеберлігімді сыннан өткізді. Нәтижем жаман емес секілді. Сөйтіп, сынақ мерзімі бойынша ансамбльге қабылдануға мүмкіндік алдым. Кейін арада шамалы уақыт өткен соң барып, штатқа қабылдандым. Мұны естігенде расында да кеудемді қуаныш кернеп, өзімді өнер әлеміндегі ең бір бақытты жан сезінгенім әлі есімде".

Дос-Мұқасан тобы
"Дос-Мұқасан" ансамблі. Көрнекі сурет: time.kz

Әнші шығармашылық жолында бірнеше ансамбльдің құрамында өнер көрсетті. Сонымен қатар жеке әнші ретінде де танылды.

  • 1985 жылдан бастап Алматы облыстық филармониясының "Арқас", "Сазген", "Адырна" ансамбльдерінде өнер көрсетіп, халықтың көзайымына айналды.
  • 1994-1996 жылдары "Гүлдер" ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі директоры болып қызмет атқарып, шығармашылық басқарушылық қабілеттерін шыңдады.
  • 2001 жылы ол "Ақжол" ән-театрын құрды. Өзі басшылық еткен бұл театрда қазақ мәдениетінің әсем үлгілері қойылып, ұлттық өнерге жаңа реңк берілді.
  • 2010 жылдан бастап қайтадан "Дос-Мұқасан" ансамблінің әншісі болды.

Марапаттары мен жетістіктері

Өнер жолындағы зор еңбегі үшін Ақжол Мейірбеков көптеген марапатқа ие болды. 1994 жылы әншіге "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі" атағы беріліп, өнерге қосқан үлесі жоғары бағаланды. 2005 жылы "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталып, 2011 жылы "Құрмет" орденінің иегері атанды.

Ақжол Мейірбеков ұзаққа созылған сырқаттан кейін 2023 жылдың 25 қарашасында дүниеден озды. Оның өнері мен өмірі халық жадында сақталып, қазақ өнерінің дамуына қосқан үлесі ешқашан ұмытылмайды. Ақжол Мейірбековтің қалдырған мұрасы, орындаған әндері қазақ өнерінде ерекше орын алады. Ол қазақ музыкасына өзінің ерекше стильмен және шынайы жүрекпен келген әнші ретінде мәдениетті дамытуға, халқына қызмет етуге талмай еңбек еткен тұлға ретінде есте қалады.

Ақжол Мейірбеков – мағыналы ғұмырында адал жар, ардақты әке, ақылгөй ата бола білген жан. Өмірлік серігінің аты – Шәрипа. Әншінің Луиза есімді қызы, Сұлтан, Темір атты ұлдары және олардан тараған немерелері бар.

Ақжол Мейірбековтің өмірі мен шығармашылығы қазақ халқы үшін ерекше маңызға ие. Ол ұлт мәдениетінің шынайы өкілі, нағыз халықтың сүйікті әншісі болды. Оның өнер жолындағы ерен еңбегі келер ұрпаққа үлгі болып қала береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2183331-mamandygy-agronom-bolgan-marqum-aqzhol-meiirbekovting-omiri-men-shygarmashylygy-ne-bilesiz/