Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Роза Әлқожа: өмірбаяны, шығармашылығы

Жарияланған күні:

Роза Әлқожа
Әнші – Роза Әлқожа. Көрнекі сурет: paryz.kz

Роза Әлқожа – қазақ эстрадасындағы әдемі үнімен ерекшеленетін әнші. Оның орындауындағы әндер әсем әуенімен, мазмұнды сөздерімен баурап алады. Мақаламызда танымал әнші, ақын әрі композитор Роза Әлқожаның өмірі мен шығармашылығы туралы деректер ұсынамыз.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Роза Әлқожа - қазақ эстрадасының танымал әншісі, ақын және композитор.
  • Ол журналистика саласында білім алып, алғашқыда газетте жұмыс істеген, кейіннен сахнаға шығып, танымал әнші атанған.
  • Әншінің "Мен сыйға тартқан орамал", "Жылатқаның неткенің" сияқты әндері халық арасында тараған әндері бар. Ол - қазақ дәстүрі мен заманауи музыканы ұштастырған бірегей әнші.

Әншінің балалық шағы

Роза Әлқожа – қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының бірі, назды дауыс иесі. Ол 1981 жылы 1 қазанда Өзбекстанның Амангелді ауылында дүниеге келген. Әншінің дүниеге келуінің өзі ерекше болған көрінеді. Себебі Әлқожа отбасында Розаға дейін бала болмаған. "Халқын назды әуенімен тербеткен әнші Роза Әлқожаның өмірбаяны" мақаласында бұл жайлы былай жазылған:

Бір перзентке зар болған ата-анасы тіпті ажырасуға да бекінген екен. Сол жылы анасының құрсағына болашақ әнші Роза Әлқожа біткен. Алайда тексеріп, диагноз қойған дәрігерлер іштегі сәбиді өліге балап, алып тастамақ болыпты. Сонда ескіліктен хабары бар әжесі дәрігерлер сөйлей береді, Ташкент жақта бір ишанға көрсетеміз деп келінін ауруханадан алып кеткен. Сөйтіп, енесінің ақылымен молдаға қаралған келіні Роза есімді қыз баланы дүниеге әкелді. Осылайша Розаның артынан бес бала дүние есігін ашты.

Бір қызығы, молда әлі ішке бітпеген қыздың өзіне Рамазан айында туылады, есімі Роза болсын деп дүниеге келмей жатып ат қойған екен. Отбасының тұңғышы болғандықтан Роза ата-әжесінің қолында тәрбиеленеді. Сондықтан туған ата-анасы оның атын атамайды.

Роза бала күнінде домбыра үйірмесіне қатысқан, "Әнші балапан" байқауынан бас жүлде алған. Мектепті алтын белгімен тәмамдап, анасының кеңесімен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Мектеп табалдырығынан бастап ән мен жырға қызыққан Роза 8-сыныптан бастап өлеңдерге ән жазып, университетте түрлі мерекелік іс-шараға қатысады.

Өмір жолы, өнер жолы

2002 жылы жоғарғы оқу орнын тәмамдағаннан кейін Нұртөре Жүсіптің шақыртуымен "Ақ жол – Қазақстан" қоғамдық-саяси газетінің өнер бөлімінде жұмыс істейді. Жұмысы өнермен байланысты болғандықтан, ол да сахнаға шығуға шешім қабылдайды.

Роза Әлқожа Айдын Қаба есімді белгілі журналистпен отбасын құрған. Қазіргі таңда өнегелі отбасында 5 бала тәрбиелеп отыр. Өмірлік жарының қолдауына ие болған Роза екі баланы дүниеге әкелген соң сахнаға шыққан еді. Оның алғашқы үлкен сахнасы ҚазҰУ-дың студенттер сарайы болды, онда "Орамалды" әнін орындап, көпшілікке танылды.

2008 жылы Роза Әлқожа "Мен сыйға тартқан орамал" атты алғашқы альбомын шығарды. Әншінің "Мен сыйға тартқан орамал", "Жылатқаның неткенің", "Қара күз", "Мына өмір ғажап қандай" сияқты әндері халықтың жүрегінен орын алып, ол елдің сүйікті әншісіне айналды.

Әнші 2013 жылы Алматыда жеке концертін өткізді. Роза Әлқожа тек керемет дауыс иесі емес, сонымен қатар ақын әрі композитор ретінде де танымал. Оның таланты, дауысы мен мінезі үлкен сахнаға шығуға итериеледі. Ол қазақтың дәстүрлері мен заманауи музыкалық үрдістерді біріктіріп, бірегей сахна имиджін қалыптастырды.

2015 жылы Теміртау қаласындағы концерті кезінде зал электрмен жабдықталмағандықтан, әнші микрофон жұмыс істемесе де, жанды дауыспен ән айтты. Бұл жайлы stan.kz сайтында жарияланған материалда былай делінген:

Әнші жанкүйерлеріне үлкен нәзіктікпен және құрметпен қарайды, сол себепті олардың саны күн сайын өсіп келеді. Көпшілік 2015 жылы болған оқиғаны ұмытпайды. Сол жылы Роза Әлқожаның Теміртау қаласындағы концерті толық қараңғылықта өтті. Ұйымдастырушылар залды электрмен қамтамасыз ете алмады. Бірақ әнші көп тыңдаушылар жиналған концертті таратпауға бел байлады. Сонда әнші сахнаға шығып, микрофон жұмыс істемесе де, ал музыканттар аспаптарды қоса алмаса да жанды дауыспен ән шырқады.

Әншінің орындауындағы ең танымал әндер:

  • Мен сені ойлап жүрмін.
  • Мен сыйға тартқан орамал.
  • Келінге өсиет.
  • Шәмшіге арнау.
  • Бала.
  • Балапан.
  • Атамекен.
  • Жүрек назы.
  • Мына өмір ғажап қандай!

Роза Әлқожаның керемет дауысы тыңдарманын өзіне ғашық етті. Әнші телевизиялық жобаларға да белсенді қатысып, еліміздің әр қаласында концерттер береді. Әншінің репертуарында халықтан шыққан композиторлар жазған әндер де бар. Мысалы "Мен сыйға тартқан орамал" әнінің әнші Еркін Нұржановпен бірге орындайтын нұсқасын Есбол есімді көрермен жазған. "Казахская певица Роза Алкожа" мақаласындағы мәліметтерге сүйенсек, Есбол Қошаев зауытта цех меңгерушісі болып жұмыс істейді, ал жұмыс уақытынан тыс уақытта өлең жазады. Роза Әлқожаның әні Есболдың бірінші махаббаты туралы шығармасын жазуға түрткі болды. Ол әншіге концерт кезінде жазған өлеңінің жазбасын залдан беріп жібереді. Әнші бұл өлеңді ерекше бағалап, ақын Гүлнар Салықбай жазған нұсқаға өз өтінішімен қосқызады.

Қазақ эстрадасындағы белгілі жас әнші Әбдіжаппар Әлқожа Роза Әлқожаның інісі. Әбдіжаппар алғашқы әнінен-ақ танымал болды. Ол әпкелері мен ата-анасына үнемі қолдау көрсетеді. Сондай-ақ табысының біраз бөлігін қайырымдылыққа жұмсайды. Әсіресе көпбалалы отбасылар мен ата-анасыз өскен балаларға барынша қолдау көрсетуге ұмтылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2184482-roza-alqozha-omirbaiany-shygarmashylygy/