Сахнадағы 30 жыл: қазақ елін әлемге танытқан Майра Мұхамедқызының өмірі, отанына оралуы, шығармашылығы
Жарияланған күні:
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы 1965 жылдың 5 қыркүйек күні Қытайдың Құлжа қаласында дүниеге келген. Қазақтың ең атақты сопрано дауысты өнерпазы – Париждегі "Гранд Операда" Қазақстанның атынан өнер көрсеткен тұңғыш әрі әзірге жалғыз опера әншісі. Мақаламызда өнер иесінің өмірі мен шығармашылығы туралы баяндаймыз.
- Майра Мұхамедқызы – 1965 жылы Қытайда дүниеге келген, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ол 1994 жылы тарихи отанына оралып, Қазақстанның опера өнерін жаңа биіктерге көтеруге үлес қосты.
- Ол Париждегі "Гранд Операда" өнер көрсеткен алғашқы қазақ әншісі болып, әлемдік опера жұлдыздары арасында танымал болды, сонымен қатар Верди, Пуччини, Моцарт сияқты классиктердің шығармаларын және қазақ операсының жауһарларын орындады.
- Майра Мұхамедқызы сахнадағы 30 жылдық мерейтойын атап өтіп, 50-ге жуық опера мен 100-ге жуық қазақ халық әнін орындағанын айтты, қазіргі уақытта ол жас әншілерге тәлімгерлік етіп, Қазақстанның музыкалық өнерінің болашағына үлес қосуда.
Майра Мұхамедқызы ҚХР-да өнерлі отбасында туып, өскен. Білім алып, вокалдық өнерін шыңдаған Майра Мұхамедқызының дауысы өзгелерден дараланып, оның опера өнеріне деген сүйіспеншілігі нығая түсті. Ол Қытайда өткізілген көптеген музыкалық байқауларда жеңімпаз атанып, жас әншінің есімі ел арасында кеңінен таралды.
Тарихи отанына оралуы
Әнші тарихи отанына 1994 жылы оралды. Бұл қадам оның өміріндегі маңызды бетбұрыс болды. Ол Қазақстанға өзімен бірге жоғары деңгейлі опералық өнерді алып келді. Бұл кезеңде елде мәдениет пен өнер саласы жаңғыру үдерісін бастан кешіріп жатқан болатын. Майра Мұхамедқызы отандық өнерді жаңа биіктерге көтеруге үлкен үлес қосты.
Әкесі Мұхамед Әбдіқадырұлы — композитор, профессор, музыка зерттеу саласы бойынша көптеген кітаптардың авторы. Анасы Камал Қуанышқызы — әнші, ҚХР халық әртісі.
Майра Мұхамедқызы Бейжің Ұлттар Университетінің Музыка Факультетін (Джоу Бен Чин сыныбы) және Бейжің Консерваториясын (Го Шу Джен сыныбы) бітірген. Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында (профессор Н.А. Шариповтің сыныбы) стажировкадан өткен.
Өнер иесі журналист Дана Нұржігітке берген сұқбатында жеке өміріне қатысты жан сырын ақтарған. Опера әншісі ұзақ уақыт балалы бола алмай, тіпті жолдасына басқа әйел алуға рұқсатын берген. Алайда отағасы бұл ұсыныстан бас тартып, өнер иесінің қасында қалуға уәде берген. Нәтижесінде 20 жылдан кейін Майра Мұхамедқызы жолдасына қыз бала сыйлаған.
"Менің жолдасым өте парасатты адам. Жүрегі кең, тап-таза. Біздің арамызда 20 жыл бала болмады. Сол кезде мен оған "өліп кетсем де бала туып беремін. Әйел ретінде саған қарызбын" дедім. Егер бала туа алмасам, басқа әйел алуға рұқсат етемін дедім. Махаббатымды қиямын дедім. Бірақ ол кісі көнбеді.
"Өмірдің мән-мақсаты бала екенін түсінемін, бірақ біздің арамызда махаббат бар" деді. Баланы беру Алланың қолында екенін айтып, мәңгі менімен қалуға уәде берді. Сен мені тастамасаң, мен сені тастамаймын деді. Мен уәдемде тұрып қызды дүниеге әкелдім", - деді әнші.
Сахнадағы 30 жыл
Майра Мұхамедқызыны орындаушы десек, толыққанды сипаттай алмас едік. Себебі ол көптеген жас вокалистің арманын орындаған, оларға үлгі бола отырып, тәлім берген ұстаздығы да бір төбе. Әртүрлі сипаттағы партияларға да келе беретін оның сопрано дауысы әлемдік сахналардан жиі естілді. Ол Париж, Бейжің, Мәскеу, Вашингтон, Нью-Йорк, Лондон, Ыстамбұл, Дели, Сеул, Вена, Берлин, Будапешт театрларында өнер көрсеткен.
Ол опера сахнасында көптеген басты рөлді сомдап, халықаралық деңгейдегі қойылымдарға қатысты. Оның репертуарында Верди, Пуччини, Моцарт сияқты әлемдік классиктердің шығармалары мен қазақ операсының жауһарлары бар. Ол "Біржан-Сара" операсындағы Сараның, "Абай" операсындағы Ажардың рөлдерін аса шеберлікпен орындап, ұлттық операның дамуына ерекше серпін берді.
2000 жылы Майра Мұхамедқызы Париждегі "Гранд Опера" сахнасында өнер көрсеткен алғашқы қазақ әншісі болды. Бұл оқиға оның халықаралық дәрежеде танылуына жол ашты. Ол Еуропа, Америка және Азия елдерінде гастрольдік сапарлармен өнер көрсетіп, әлемдік опера жұлдыздары арасында өзіндік орнын айқындады.
Сұхбаттарының бірінде Майра Мұхамедқызы сахнадағы 30 жылдығы туралы айтып берген.
"30 жыл сахнада жүру біреуге аз, біреуге көп. Шынымды айтсам, сахнаның қызығында жүріп, уақыттың қалай тез өткенін сезбей қалыппын. 50 шақты опера, 100-ге жуық қазақтың халық әнін айтыппын. Менің қоржынымда біраз дүние бар. Бала күнімнен бастап, қазіргі күнге дейінгі шығармашылығымдағы барлық інжу-маржанды жинауға тырыстым. Осы жылдар ішінде бірнеше опералық қойылымда өнер көрсетіп, жанымның бір бөлігіне айналған қазақтың көптеген халық әнін орындадым, қыруар концертке қатыстым.
Бұл – кез келген классикалық әншіге бұйыра бермейтін бақ. Әрине, мұндай жетістік үлкен еңбек пен зор ізденістің арқасында келеді. Сондықтан шығармашылық қызметімнің 30 жылдығына өз Отанымда қазығымды қағып, туымды тіктеп келдім дей аламын. Армандаған адам мақсатына жетпей қоймайды, сондықтан өзіммен мақтанамын, көп жылғы еңбектің арқасында биікке жеттім деп те ойлаймын", - деді атақты опера әншісі Майра Мұхамедқызы.
Бүгінде Майра Мұхамедқызы тек орындаушылық қырымен ғана емес, сонымен бірге педагогикалық қызметімен де танымал. Ол жас әншілерге тәлімгерлік етіп, Қазақстанның музыкалық өнерінің болашағына үлес қосып келеді. Сонымен қатар, әртүрлі қайырымдылық жобаларға қатысып, мәдени мұраны сақтауға және насихаттауға атсалысады.
Майра Мұхамедқызы – тек қазақ халқының ғана емес, әлемдік мәдениеттің мақтанышы. Оның өмірі мен шығармашылығы – өнерге деген адалдықтың, туған елге деген сүйіспеншіліктің, және талмай еңбектің жарқын үлгісі. Майраның есімі қазақ опера өнерінің тарихында мәңгілікке қалады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2192670-sahnadagy-30-zhyl-qazaq-elin-alemge-tanytqan-maira-muhamedqyzynyng-omiri-otanyna-oraluy-shygarmashylygy/