"Бәрі үшін рақмет": Әсел Сәдуақасованың бұрынғы күйеуі ажырасуға қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Отандық танымал актриса Әсел Сәдуақасованың бұрынғы күйеуі, блогер Мағжан Тлеуханов желіде жаңа жазба жариялап, жан сырын ақтарды. Бірер күн бұрын өнер иесі жолдасымен ажырасып кеткенін жария еткен болатын, деп жазады KA.ZNUR.KZ.
Әсел Сәдуақасова көпшілікке ажырасып кеткенін хабарлаған соң, Мағжан Тлеуханов та бұл жағдайға пікір білдірді. Кәсіпкер Instagram-дағы парақшасында оқырмандарымен байланысқа шығып, ажырасу туралы жан сырын ақтарды.
"Ішімде не болып жатқанын түсіндіріп, жазып жеткізе алмаймын. Осыны әлі күнге дейін үйренбеппін. Осы жыл өсу мен трансформация жылы болды. Бұл жыл мені үлкен шешім қабылдамауға, біреуді сынамауға және біреуге көреалмаушылық танытпауға үйретті. Біз 2 қыркүйек күні ажырасуға өтініш беріп, 4 қазақ күні ресми екі жаққа кеттік. Жаз бойы ажырасуға өзімізді дайындадық. Биылғы жазғы мезгіл мен үшін өте ауыр өтті. Ажырасу – өліммен тең. Ажырасқандар біздегі сезімді жақсы түсінеді. Біз ажырасуға онлайн өтініш бергенде “Бірге тұруымызға көзқарасымыз сәйкес келмейді” деген пунктті таңдадық. Бұл нақты біздің себебіз еді. Мінезіміз бен көзқарасымыз әр түрлі болып шықты. Адамдар бір-бірімен бекер кездеспейді. Екеуміз өмірдің осы кезеңін бірге өткізуіміз керек болды. Ештеңеге өкінбеймін. Бұл жағдайға ешкім де кінәлі емес. Екеуміз де арқамыздан жүк түскендей болып, жанымызға бататын мұңнан арылдық", - деп жазды блогер.
Оған қоса Мағжан Тлеуханов бұрынғы әйеліне алғысын айтты.
"Екеуіміз бірге өткізген бақытты сәттер, қысқа да болса керемет ортақ өмір үшін рақмет айтамын. Балиде өткізген төрт айымыз ұмытылмастай болды. Естен кетпес үйлену тойымыз, тоқтаусыз әңгімелеріміз, Стингтің концерті, Дубай мен Париж және тағы да басқа көптеген жақсы нәрселер үшін рақмет. Бәріне алғыс айтамын. Әселге бәрі үшін рақмет айтамын. Ол менің өмірімдегі ең маңызды адам болып қала береді. Сенімен болған әр сәтім үшін бақыттымын. "Құдай сені жақсы көреді" деген сөз бізді барлық қиындықтан алып шықты", - деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін Әсел Сәдуақасова күйеуімен заңды түрде ажырасып кеткенін хабарлаған еді. Актриса жолдасы екеуі жақсы дос бола білгенімен, отбасы ретінде тіл табыса алмағанын жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2194349-bari-ushin-raqmet-asel-saduaqasovanyng-buryngy-kuieui-azhyrasuga-qatysty-pikir-bildirdi/