Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Отандық музыка Instagram-нан неге жоғалып кеткенін Қазақстан авторлық қоғамы түсіндірді

Жарияланған күні:

Instagram қолданбасы
Instagram қолданбасы. Фото: Mateusz Slodkowski/SOPA Images/LightRocket via Getty Images

Қазақстан авторлық қоғамы жұмадағы брифингте қазақстандық орындаушылардың әндері Meta платформаларынан, соның ішінде Instagram-нан не себепті жоғалып кеткенін түсіндірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Қазақстан авторлық қоғамы" республикалық бірлестігі Meta-ның 2024 жылғы 27 қарашадан бастап өз сервистерінде қазақстандық музыка контентін жауып тастағанына қатты қынжылады. Осындай қадамды біз Қазақстан ұлттық мәдениетіне жасалған қастық деп қабылдадық. Қазақстандық контенттік жабылуы Meta-ның өз сервистерінде түрлі мәдениеттерді қолдауға шамасы жетпегенін көрсетеді.

Кейінгі бірнеше айда ҚазАҚ Meta-мен келіссөз жүргізіп келді. Осының алдында келісім болған, өтемақы көлемі өте төмен болған. Оны жариялауға құқымыз жоқ. Келіссөз жүргізудегі мақсат – қазақстандық өнерпаздардың еңбегі әділ бағаланғанын қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, ҚазАҚ ұсынысын Meta қабылдамады. Келіссөздердегі басты қайшылық – сыйақы көлемінің әділетті бағалануы", - деп мәлімдеді бірлестіктің бас директоры Айнұр Есендікова.

Оның айтуынша, Meta еуропалық және америкалық орындаушыларға әлдеқайда көп ақша төлейді.

"Әділетсіздік. Meta өзінің сервистерінде қазақстандық музыканың коммерциялық құнын әділ көрсететін ұсынысқа келуі керек. ҚазАҚ Қазақстанға үшінші сорттағы нарық ретінде қарап отырғанына қатты қынжылады. Неге біз азғандай төлемге қанағат тұтуымыз керек?" - дейді ол.

Директордың айтуынша, қазір төмен ақыға келіссе, Қазақстан жағы енді оны көтеруді талап ете алмай қалады. Мәліметтерге қарағанда, Meta мен келіссөздер жалғасып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, бірнеше күн бұрын Instagram әлеуметтік желісінде қазақстандық орындаушылардың музыкалары жоғала бастады. Блогерлер мен журналистер оның себебін анықтауға тырысты.

Қазақстан авторлық қоғамы 1997 жылы республикалық қоғамдық бірлестік ретінде құрылған. 1999 жылғы желтоқсанда бірлестік халықаралық деңгейде танылған. 2005 жылы ҚазАҚ республикалық бірлестігі CISAC авторлар мен сазгерлер қоғамдарының халықаралық конфедерациясына мүше болып қабылданған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2194460-otandyq-muzyka-instagram-nan-nege-zhogalyp-ketkenin-qazaqstan-avtorlyq-qogamy-tusindirdi/