Шымкентте махаббат пен сатқындық туралы поэтикалық толғау премьерасы өтті (видео)
Жарияланған күні:
Бүгін Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызының "Сендегі мені өшірме" атты поэтикалық толғауының премьерасы өтті. Спектакль махаббат, сатқындық және жастар арасындағы ажырасу мәселелерін бейнелей отырып, қоғамдағы терең өзгерістер мен құндылықтарды поэзия және музыка тілімен суреттейді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
ӨКҚ Instagram-дағы мәліметіне сүйенсек, көрермен қойылым арқылы адам жанының күрделі иірімдері мен терең ойлар әлеміне сапар шеккен. Толғанысқа толы сахна мен ерекше поэтикалық мәтін қойылымның әсерлілігін арттырды.
Қойылым соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек құттықтау сөз сөйлеп, спектакльдің көркемдік жетекшісі Мөлдір Айдарқызы мен театр ұжымын шығармашылық табыстарымен құттықтады. Ол қойылымның қоғамдағы мәдени және рухани маңыздылығын атап өтті.
Пьесаның авторы, белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызы театр ұжымына ризашылығын білдіріп, бұл шығармашылық ынтымақтастықтың өзіндік орны бар екенін жеткізді.
Шара барысында театр ұжымына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков және Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті атынан ықылас гүлдері табысталды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2194539-shymkentte-mahabbat-pen-satqyndyq-turaly-poetikalyq-tolgau-premerasy-otti-video/