2024 жылы балалы болған қазақстандық жұлдыздар кім
Жарияланған күні:
2024 жылы бірқатар жұлдызды отбасы сәбилі болып, көпшіліктен сүйінші сұрады. Бірі алғаш рет ата-ана атанса, енді бірі 50 жасында екі рет балалы болды. Осы орайда KAZ.NUR.KZ оқырмандар назарына 2024 жылы перзентханадан шыққан өнер иелерінің топтамасын ұсынады.
Баян Мақсатқызы
Осы жазда белгілі продюсер Баян Мақсатқызы үшінші қызы дүниеге келгенін хабарлап, елді таңғалдырды. Жұлдызды жанұя Алиса есімді сәбимен толықты.
Алайда продюсердің тосынсыйы мұнымен біткен жоқ. Ол араға 15 күн салып, Алма есімді тағы бір қызы дүние есігін ашқанын жария етті.
Айсәуле Бақытбек
Баян Алагөзова биыл сәбилі ғана емес, немерелі де болып үлгерді. Продюсердің үлкен қызы Айсәуле Бақытбек үшінші қызын дүниеге әкелді. Бұл қуанышты жаңалықты Баян Мақсатқызының өзі желіде хабарлады.
"Бақыт! Бақыт! Бақыт! Менің қызым үшінші рет ана атанды. Қызды болдық", - деп жазды Баян Алагөзова.
Мақпал Исабекова
2024 жылы қызды болған жұлдыздар арасында Мақпал Исабекова да бар. Өнер иесі 6 шілде күні Илая есімді аруды дүниеге әкелді.
Жәния Джуринская
Актриса Жәния Джуринская сәуір айында тағы да балалы болды. Жұлдызды жанұя Зейн есімді ұл баламен толықты.
Ерлі-зайыпты қуанышты жаңалықты Instagram желісінде хабарлап, көпшіліктен сүйінші сұрады.
"Біздің әлемге қош келдің, ұлым. Рахмет саған махаббатым", - деп жазды актрисаның күйеуі.
Төреғали Төреәлі
Осы жазда "Ұлы дала баласы" Төреғали Төреәлінің алтыншы перзенті дүниеге келді. Қуанышты хабарды өнер иесінің өзі желіде жария етті. Әнші келіншегі Толқын Тұрарбекқызымен перзентханада түскен суретін көрсетіп, көпшіліктен сүйінші сұрады.
"Алла деп бағындырдым биыл шыңды, Перзантхана екінші үйім сынды, Алтыншы рет бұйырды әке атану Алты Алаштан сұраймын сүйіншімді", - деп жазды Төреғали Төреәлі.
Ерлі-зайыпты ұлды болған.
Дина Төреәлі
Төреғали Төреәлінің келіншегінен кейін қарындасы Дина Төреәлі де екінші перзентін дүниеге әкелді. Блогер бұл қуанышты жаңалығын ұзақ уақыт көпшіліктен жасырып келді. Ол тек босанғаннан кейін оқырмандарына сүйінші хабарды жеткізген.
Желі жұлдызының ұлына Ибраһим аты берілген.
Мейрамбек Бесбаев
Эстрада жұлдызы Мейрамбек Бесбаев пен келіншегі Мархабат Бесбаева тоғыз жылдан кейін тағы да сәбилі болды. Ерлі-зайыпты қыркүйек айында қызды болып, көпшіліктен сүйінші сұрады.
Азамат Маркленов
Көпшілікке танымал "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленовтың да отбасында қуанышты жағдай орын алды. Әншінің келіншегі оған Амани есімді қыз баланы сыйлаған. Ерлі-зайыптының тағы үлкен ұлы бар.
Олжас Нұрбай
Белгілі режиссер Олжас Нұрбай 2024 жылы әке атанды. Өнер иесінің әйелі Ұлболсын Шалқарова оған ұл бала сыйлаған. Ерлі-зайыпты тұңғышына Альтаир деген есімді берген.
Батырхан Мәліков
Атышулы "Ninety One" тобының мүшесі Батырхан Мәліков (Alem) те биыл әке атанды. Әнші мен оның келіншегі Вероника Жангалова ұлды болған. Олар тұла бойы тұңғышына Тай деген ерекше есім берген.
Серік Ибрагимов
2024 жылы әнші Серік Ибрагимовтің отбасында да қуанышты жағдай орын алды. Өнер иесінің үшінші перзенті дүниеге келген.
Өмірқұл Айниязов
Қаңтар айында Өмірқұл Айниязовтың отбасы үшінші сәбимен толықты. Жұлдызды жанұя да мамыр айында тағы бір қуанышты жағдай орын алды. Әншінің тұңғыш немересі дүниеге келді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2206871-2024-zhyly-balaly-bolgan-qazaqstandyq-zhuldyzdar-kimder/