"Сәт келді": Алтынай Жорабаева жүктілігі туралы жақындарына қалай хабарлағанын көрсетті (видео)
Жарияланған күні:
Қазақ эстрадасының жұлдызы Алтынай Жорабаева бұған дейін еш жерде көрсетпеген отбасылық видеосын бөлісіп, елді сүйсінтті. Өнер иесі көптен күткен жүктілігі туралы жолдасы мен жақындарына қалай хабарлағанын көрсетті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Алтынай Жорабаева мұрағаттық бейнежазбаны Instagram-дағы парақшасында жариялаған. Әнші қуанышты жаңалығын ең алдымен жолдасы мен қыздарына хабарлаған. Отағасы мен өнер иесінің перзенттері бұл хабарға қатты қуанып, тіпті кейбірі көз жасына ерік берген.
Оған қоса эстрада жұлдызы жүктілігі туралы туған інісі Талғат Жорабаев пен оның келіншегіне қалай хабарлағанын да көрсеткен. Әншінің бауыры бұл жаңалыққа қатты таңғалып, әпкесін құшақтап алған.
Алтынай Жорабаеваның ата-анасы да бұл қуанышты хабарды естігенде көз жасына ерік беріп, қызына ақ тілегін білдірген.
"Бөлісетін сәт келді. Барлық мақтаулар мен мадақтар тек Аллаға ғана тән. Аллама сансыз шүкірлер. Зымыраған уақыт-ай. Осыдан 2 жыл бұрын көптен күтіп жүрген жаңалығымызды жақындарымызбен бөлісіп шыққан едік. Видеоға түспей қалғаны да бар. Міне, бүгін сіздермен бөліскім келді. Алланың қалауымен Амина Алишерқызы бүгін 1 жасқа толды. Амина қызымыз – қаншама жанның дұғасымен, махаббатпен келген балапан. Сәби күтіп, дұға жасап жүрген жандарға жұғысты болсыншы. Дұға-тілектеріңізге мың алғыс. Өздеріңізге еселеп қайтсын", - деген жазба қалдырды ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2209239-sat-keldi-altynai-zhorabaeva-zhuktiligi-turaly-zhaqyndaryna-qalai-habarlaganyn-korsetti-video/