Берік Тұрсынбеков сатушыны неге ұрғанын түсіндірді
Опубликовано:
"Шымкент-шоудың" белді актері Берік Тұрсынбеков Астанада телефон сатушысына неге қол көтергенін түсіндірді. КТК арнасының "Астарлы ақиқат" бағдарламасына берген сұхбатында актер сатушының өзі кінәлі деп отыр.
Айтуынша, ол телефон сатып алуға барғанда, дүкен сатушысынан қалған телефондар сөреге қашан қойылатынын сұраған. Дүкенші жұлдыздың сұрағына дүрсе жауап қоя беріп, тіпті "үш әріпке" жіберіпті.
"Осындай жағымсыз жәйттің республикалық арналарға шығып, таралып кеткеніне өзім де ұяламын. Сондықтан халықтан кешірім сұраймын, бірақ ол оқиғаның қалай болғандығын дүкен сатушысы еш бүкпесіз өзі айтып берсін", - дейді Берік.
Еске сала кетсек, өткен аптада хабарлағанымыздай, жұлдыздан таяқ жеген бойжеткен өзінің арызы бойынша полиция нақты шара қолданбай, ақыры істі жауып тынғанына шағымданған болатын. Тәртіп сақшыларынан қайыр болмаған соң зардап шегуші істі сотқа дейін жеткізуге бел буыпты.
Бейнебақылау камерасына түсіп қалған кадрде Берік Тұрсынбековтың сатушы қызға бірнеше рет қол сілтеп жатқаны анық көрінеді. Көптің көзінше жұлдыздың "жуан" жұдырығынан таяқ жеген бойжеткен дереу полицияға шағым түсірген. Алайда арыз үш ай қаралып соңында Ішкі Істер департаменті істі ақыры жауып тынды.
Жұлдыздың жуан жұдырығынан жапа шеккен жәбірленуші мақсатым ақша өндіріп алу емес, бастысы тапталған абыройымды қорғағым келеді дейді. Берік Тұрсынбеков бойжеткен телеарналардан халық алдында шын мәнісінде жәйттің қалай болғанын баяндап берсе, "мен де одан кешірім сұрап, сый-сыяпатымды жасауға дайынмын" дейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/233216-berik-tyrsynbekov-satushyny-nege-yrganyn-tysindirdi/