Мақпал Жүнісова жеке өмірінен сыр шертті
Опубликовано:
ҚР Халық әртісі Мақпал Жүнісова КТК арнасының "Наша правда" ток-шоуына қатысып, өнеріне, жеке өміріне қатысты сырларымен бөлісті.
Әнші қазақтың біртуар азаматы Заманбек Нұрқаділовпен отасқан жылдары туралы сыр шертті. Тілшінің отбасын қалай құрдыңыздар деген сауалына, ол: "Маған Зәкең отбасын құруға ұсыныс жасағанда, мен не жауап берерімді білмедім. Арадағы 20 жас бар. Оның сыртында ол кезде менде сүйіспеншілік сезімі де болған жоқ. Сөйтіп, бас тартсам, артыма түсіп, залалы тиіп кете ме деген оймен, анамның рұқсатын сұрауды тапсырдым. Келіскен күні анам дайындалып отырды, Зәкең келді, мен сіңіліммен бірге ас үйде тығылып отырмын "Қазір анам көрсетеді оған!" деген оймен. Бір кезде қарасам, үш минут та өткен жоқ, Зәкең сыртқа қарай шығып бара жатыр. Көңіл-күйі көтеріңкі. Апама шықсам, бет-жүзі аппақ, қозғалмай отыр. "Ойбай, апа не болды?" деп ем, анам: "Мен совхоздың әкімінен қорқушы едім, мынауың тіптен одан өткен ғой. Кіре сала "Вообщем, мен қызыңызға ғашықпын. Берсеңіз де алам, бермесеңіз де алам деді", - деп шошынып отыр екен. Содан анам не дерін білмей "Ала бер, ала бер!" депті", - деп күлді.
"Содан анама ренжіп, сіз мені әкімге сатып жібердіңіз деп бір жарым жылдай сөйлеспей жүрдім", - дейді одан кейінгі күйін Мақпал. Ол ғашықтық сезімі отбасы құрғаннан кейін 2 жыл өткен соң келгенін айтады.
Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелінен туылған балалары Қайрат және Құралаймен қарым-қатынасы туралы тіс жарған тілшіге әнші: "Олар - Зәкеңнің балалары, Қайрат - артынан қалған жалғыз ұл баласы. Сондықтан артық сөз айта алмаймын. Олар мені әу бастан қабылдаған жоқ, бүгінге дейін қарым-қатынастары сондай. Араласып тұруға болатын еді дегенмен. Менің айтатын бір-ақ нәрсем бар - олар әкесін көзі тірісінде бағаламай өтті", - деп жауап берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/253505-makpal-zhynisova-zheke-omirinen-syr-shertti/