Әли Оқапов жыл студенті атанды
Опубликовано:
Қазақстан студенттерінің Альянсы "Жыл студенті - 2013" республикалық байқауын қорытындылады. Астана қаласында бүгін байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Байқауды ұйымдастырудағы басты мақсат – ең үздік, белсенді студенттерді анықтау. Байқауға еліміздің әр түкпірінен келген студент жастардың 150 ден астам жобасы ұсынылды. Арнайы құрылған комиссия оның арасынан тек 10 жобаны ғана жоғары бағалап, бірнеше аталым бойынша үздіктерді марапаттады.
"Ең үздік студенттік-әлеуметтік жоба" аталымы бойынша С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті Әйгерім Көкеева жеңіске жетті. Қозыбаев атындағы Солтүстік-Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Мұса Танақұлов "Белсенді студент" атанса, Өтемісов атындағы Батыс-Қазақстан университетінің студенті Темірлан Көлбай (дзюдо күресінен Азия чемпионы, Еуропа Кубогының күміс жүлдегері) "Үздік спортшы" аталымын иеленді.
"Ең үздік студенттік бизнес-жоба" аталымы Азамат Шәдіровке (Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университеті) бұйырды. Байқау барысында сондай-ақ "Сабақ үлгерімі жақсы" деген аталым бойынша бас жүлдені Әуезов атындағы Оңтүстік-Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Гүлнар Оразалиева иеленді. "Үздік волонтер" - Әсемгүл Қазезқызы (Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті) атанды.
"Ең үздік журналист" аталымы бойынша Ерғали Қапалов (Тараз мемлекеттік-педагогикалық институты) марапатталса, "Үздік оқымысты" аталымын Талғат Ұртамбаев (Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті) жеңіп алды.
Ал жас актер Асылхан Төлепов "Қоғам қайраткері" номинациясы бойынша үздік атанды (Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы). Байқаудың бас жүлдесін – "Жыл студенті - 2013" атағын қазақстандық әнші Әли Оқапов жеңіп алды (Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы).
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/290876-eli-okapov-zhyl-studenti-atandy/