Атырау облысында сармат дәуірінің қорымы табылды
Опубликовано:
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің археологтері көне жәдігерлер тапты. Сармат дәуіріне жататын көне қорғаннан қару-жарақ және әшекей бұйымдармен көмілген әйел денесінің мүрдесі шықты деп хабарлайды 24 арна.
2001 жылы мұнайлы өңірдегі Аралтөбе қорғанынан да "Алтын адамның" мүсіні табылған болатын. Сондықтан құпиясын қойнына жасырған жүздеген обалар мен қорғандарды кешенді зерттеу керектігін айтады ғалымдар. Семсер, қылыш, қоладан құйылған айна мен түрлі алтын әшекейлер.
Бұл унивесрситет жанындағы жас археологтардың сармат әйелінің қорымынан тапқан олжасының бір бөлігі ғана. Жәдігерлерге қарағанда бұл мүліктердің иесі кезінде ер азаматтармен бірге майданға шыққан жауынгер болғанға ұқсайды. Мүрденің қорым шетінде жатуы да ғалымдарды ойландырады.
Себебі, ханзада немесе ақсүйек тұқымы болса, ол ортаға жерленуі керек. Соған қарағанда негізгі жәдігер қорымның ортасында болуы мүмкін.
"Біздің ойымызша, бұл осы жерге жерленген ханның немесе ақсүйектің негізгі күзетшісі болуы мүмкін. Сондықтан келешекте қазба жұмыстарың арқасында тағы да құнды заттар табылады деп сенеміз", - дейді археологтар тобының жетекшісі Марат Қайсенов.
Қалай дегенімен де осыдан 20-25 ғасыр бұрын өмір сүрген тайпалардың тұрмысынан сыр шертер жәдігерлер ғалымдардың үлкен қызығушылығын туғызары даусыз.
Ал студенттер үшін бұл теориялық білімді практикада көрудің мүмкіндігі. Сол үшін де олар жылда оқу орны ұйымдастыратын қазба жұмыстарынан сырт қалмауға тырысады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/317616-atyrau-oblysynda-sarmat-deuirinin-korymy-tabyldy/