Алматылық суретші өзге планеталықтардың айтуымен сурет салады (фото)
Опубликовано:
Хотея есімді суретші бірнеше жылдан бері өзге планеталықтармен сөйлесетінін айтады. Бұдан бөлек өмірден өткен хан-батырлар, танымал өнер адамдарының рухымен де тілдеседі екен.
Суретшінің айтуынша, қарапайым адамның көзіне көрінбейтін өзге планеталықтар әр бір туындысын салу кезінде оған көмектеседі. Тіпті әр шығармада пайдаланылған түстер, көріністер - біз білмейтін өзге әлемдіктердің фантазиясы.
Ерекше суретшінің өнерін NUR.KZ тілшісі де тамашалап қайтқан еді.
"Абылай ханмен сөйлестім. Ол кісі қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған саясатына дән риза. Тіпті мен оның бойы сондай сұңғақ емес, орташа болғанын да айта аламын. Етігінің қонышы ұзын болды. Барлығы да есімде. Сол үшін мына туындымды Абылай ханға арнадым", - деді суретші.
Ал кей шығармалардағы бізге мультфильм кейіпкеріндей көрінетін дүниелер, Хотеяның айтуынша - достары. Олармен түсінісіп, тілдеседі екен. Тіпті екі әлемді салыстырып, пікір алмасады.
Хотея өнерін мақтан тұтатындардың бірі. Оның қолынан шыққан суреттер Ресейдің таңдаулы шығармалар тұратын мұражайында сақталған.
"Мен әр туындым арқылы адамзатты мейірімділікке, сүйіспеншілікке үгіттегім келеді. Кез келген қатыгез адамды жылы, жағымды сөздер мен әрекеттер арқылы жұмсартуға болады. Өмірді жақсы тұсынан көрсетуге еңбектенемін", - дейді суретші.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/744948-almatylyq-suretshi-ozge-planetalyqta/