RU

Қазақ қызы Луиза "Витебск" халықаралық балалар байқауының бас жүлдесін алды (видео)

"Витебск-2015" балалар байқауының бас жүлдесі 10 жасар Луизаға бұйырды. Халықаралық "Славян базары" фестивалінің аясында өткен байқауда жерлесіміз Луиза Нұрқуатова жеңімпаз атанды.

10 жастағы ақтаулық қыз 17 елден келген өнерпаздар арасынан озып шығып, "Витебск" халықаралық ән додасының гран-приін жеңіп алған тұңғыш қазақ атанды. Дарынды бүлдіршін бұдан да биік шыңдарды бағындырамын деп мақсат қойып отыр.

Әдемі дауыс пен сүйкімді қылық, әртістік шеберлік және ешкімде жоқ белсенділік. 10 жасар Луиза Нұрқуатова сайыста сахнаның сәнін келтіре өнер көрсетті.

Бірінші кезеңде қазақ тілінде ән шырқаған бүлдіршін байқаудың алғашқы күнінде-ақ көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп үлгеріпті. Бірақ Луиза халықаралық өнер додасында топ жарудың өзі оңай болмағанын айтады.

"Өте қатты қиын болды. Себебі барлық балалардың дауысы өте керемет, күшті. Беларусьтан келген қыздың дауысы өте керемет болды. Маған қатты ұнап қалды. Бірақ ол қыз екінші орын алып қалды", - дейді  "Витебск-2015" халықаралық балалар байқауының жеңімпазы Луиза Нұрқуатова.

"Витебск-2015" жас өнерпаздар байқауы "Славян базары" фестивалінің аясында өтті. Оған 17 елден келген 20 бүлдіршін қатысты. Луиза Нұрқуатова оқ бойы оза шауып, өнер додасының жеңімпазы атанды.

Енді талантты қыздың есімі "Витебск-2015" балалар байқауының гран-приін алған алғашқы қазақ ретінде тарихта қалады.

"Луиза сахнаға шыққанда мүлдем өзгеріп сала береді. Сахнаны әрлеп, көрермендерге ерекше күш-қуат пен жастық жалын сыйлайды. Байқауда алғашқы ән айтқан кезден бастап-ақ көзге түсіп, көрермендер мен әділ қазылардың махаббатына бөленіп үлгерді", - дейді көркемдік жетекші Ольга Хныкина.

Өнерпаздың бойындағы талант ана сүтімен дарыған. Анасы Гүлбаршын Аралбаева – өңірге танымал композитордың қызы. Бірақ бес баланың ішінде Луиза ғана өнерге жақын болып өсіпті. "Сондықтан қызымның жеңіске жететінін жүрекпен сездім",- дейді анасы.

"Түс көрдім. Қуаныш болады ғой деп, апайы бетімнен сүйді. Сосын қызым бас жүлдені алады деп ойладым", - дейді Луизаның анасы Гүлбаршын Аралбаева.

Луиза ән әлеміне осыдан төрт жыл бұрын қадам басқан. Азғантай ғана уақыттың ішінде біраз шыңдарды бағындырып үлгерді. 10 жасар бүлдіршін "Аялаған Астана" республикалық байқауында ІІ орын алып,"Алтын микрофон" және "Бозторғай" байқауларының жүлдегері атанған. Дарынды қыз қазір бар уақытын дайындықпен өткізіп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/822976-qazaq-qyzy-luiza-vitebsk-khalyqaralyq/