Жуырда әйгілі «Тақиялы періште» фильмінің жалғасы түсіріледі
Опубликовано:
Әйгілі Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» туындысы жалғасын табады. Алматы облысында жуырда «Тақиялы періште – 2» толықметражды фильмінің түсірілімі басталмақ.
Бұл туралы NUR.KZ интернет-порталына фильмнің түсірілімімен айналысатын «Аңсар Арманым» продюсерлік орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
Көркем туынды барысында үш ұрпақ, яғни ата, әке, немере арасындағы байланыс өте жақсы, ашық көрсетіліп, оқиға барысында бәрінің тұлғалары әр түрлі қырдан ашылған.
Фильмнің тағы бір ерекше, болашақ ұрпаққа үлкен бір ой тастар оқиғасы - бүгінгі ана тілінің ахуалы. Тілге жанашыр жастар арқылы ұлттық рух - ана тілімізді құрмет тұтуды үлгі етеді. Лирикалық комедияның тағы бір ұтымды тұсы - қазақ баласы негр қызын, қытай қызын жар етіп алуды басты мақсат етпей, ермек, ойын ретінде көрсетуі - ой желісінің жымдасып, астарлы өрілгенінің айғағы.
Туындының авторы жалпы қазаққа түсінікті, жалпақ тілмен үн қатады. Шытырман, әуресі көп, думанға толы қала өмірі мен бауырмал, ақжарқын, көпшіл, жатсынуды білмейтін, үйінен қонағы арылмайтын, қаймағы бұзылмаған қазақ отбасы тіршілігін қатар алып суреттейді.
Айта кетсек, аты аңызға айналған фильмнің жалғасында "Тақиялы періштеде" басты рольді сомдаған Әлімғазы Райымбеков та ойнайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/831922-zhuyrda-aygili-taqiyaly-perishte-fil/