jitsu gif branding logo appbranding logo app
Шоубиз

    "Анам – мұғалім, әкем – сантехник": әйгілі Андреа Бочеллимен бірге ән шырқаған қазақ қызы туралы не білеміз

    Әйгерім Алтынбек және Андреа Бочелли
    Әйгерім Алтынбек және Андреа Бочелли. Фото: instagram.com/aigerim_altynbek

    Жуырда қазақ қызы Әйгерім Алтынбек әйгілі тенор Андреа Бочеллимен бір сахнада өнер көрсетіп, қазақ елінің мәртебесін көтерді. Осы орайда Nege.kz тілшіcі Қазақстанның атын әлемге паш етіп жүрген аруды іздеп тауып, оны оқырманға жақынырақ таныстыруды жөн көрген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Әйгерім Алтынбек Қызылорда қаласы, Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылының тумасы. Ән айтуды бес жасында бастаған арудың алғашқы ұстазы – анасы. Әншілік өнер де анасынан дарыған.

    "Анам Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің музыка кафедрасын бітірген. Мамандығы – мұғалім, ал – әкем сантехник. Қарапайым отбасында өскендіктен, үйге қонақ келсе, алдында ән айтатынбыз. Сол кезде ән-жырға қабілетімді байқаған анам талантымды шыңдау мақсатында кішкентайымнан "Бозторғай", "Ақ көгершін" сынды түрлі байқауларға қатыстыра бастады", - дейді ол.

    Әйгерім жастайынан анасының ықпалымен Байқоңыр қаласындағы музыкалық мектепке оқуға қабылданған.

    "Одан алған білімімді Қазанғап атындағы музыкалық колледжде Феруза Амангелдіқызының сыныбында жалғастырдым. Классикалық бағытым да осы ұстазымнан басталды.

    Ол кісі мені опера жанрындағы түрлі конкурстарға қатыстырып, талантымды шыңдады. Бұдан соң өнерімді байқаса керек, Астана қаласындағы "Шабыт" университетіне шақырту алдым. Онда Татьяна Руднева атты ұстазым баптады.

    Ол жердегі төрт жыдық оқумен қатар екі жылдық магистратураны меңгердім. Кейін білімімді жетілдіру мақсатында Италияның Парма қаласындағы Арриго Бойто атындағы консерваторияға түстім, қазір соңғы курста оқып жатырмын. Осылайша бала жастан музыкалық білімімді ұштап келе жатқан жайым бар", - дейді опера әншісі.

    Әйгерім Алтынбек және Андреа Бочелли
    Әйгерім Алтынбек және Андреа Бочелли. Фото: instagram.com/aigerim_altynbek

    Ал Андреа Бочеллимен ән айту бала кезден арманы болған. Жуырда Әйгерім Неапольда әйгілі тенормен бірге өнер көрсетіп, италиялықтардың қошеметіне бөленді. Әйгерім бұл жетіскке қалай жеткенін де айтып берді.

    "Бочелли әлемге танымал әртіс қой. Ол кісімен бірге ән айту бала кезден арманым еді. Сондықтан оның барлық репертуарын жатқа білемін. Мен Италияда оқи жүріп, бірнеше конкурсқа қатыстым. Сол кезде өнерімді байқаса керек, даңқты әншімен бірге шырқауға концерт ұйымдастырушылар шақырту жіберді.

    Концерт соңында жиылған жұрт "Қазақстаннан шыққан тамаша сопрано дауыс иесі" деп мадақтағанда, еріксіз көзіме жас үйірілді. Менің осы жетістікке жетуіме тілекші болған ата-анама, ағайын-туыс баруырларым мен елдегі Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғысым ұшан-теңіз!" - дейді ол.

    Айта кетейік, осыған дейін Әйгермінің "Ла Скала" театры академиясында тағылымдамадан өтуге шақырту алғанын жазған едік. Сұқбат барысында опера әншісі бұл театрға қалай шақырту алғанын да әңгімеледі.

    "Шынымды айтсам, Италияға барудағы түпкі мақсатым әлемге әйгілі Ла Скалада ән салу еді. Онда репертуарың мен қатысқан конкурстарыңның саны маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ итальян тілін жоғары деңгейде білуің керек. Осы талаптарға сай болмасаң, жанды дауыста ән шырқап та тағылымдамадан өте алмайсың.

    Өткен жылы желтоқсан айында Сан-Марино қаласында Рената Тебальди атындағы 700-ге жуық конкурсант қатысқан үлкен конкурста бағымды сынап, екінші орынды қанжығаладым. Сонда "Ла Скала" театрына тыңдалымға қатысуға шақырту алдым. Тағылымдамадан өтуге сол конкурсқа қатысқанымның ықпалы тиді.

    Енді аталған театрдың академиясында екі жыл тағылымдамадан өтемін. Бұйырса, қазан айында оқу басталады. Осы консерваториядан кейінгі білімімді енді сол өнер ордасында жалғастырамын. Бұл – мен үшін әлемге ашылған есіктің бірі", - дейді ол.

    Әйгерім Алтынбекпен сұқбаттасқан Динар Камилова. Сұқбаттың толық нұсқасын Nege.kz порталынан оқи аласыз.

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.