Қазақстанда алғаш рет әйгілі Backstreet Boys тобының концерті өтеді: билеттер қашан сатылымға шығады
Опубликовано:
Әйгілі Backstreet Boys тобы Қазақстанда алғаш рет концерт береді. Концерт 21 қыркүйекте елордада "Астана Арена" стадионында өтеді, ал билеттер 15 шілдеде сатылымға шығады. Бұл туралы "Астана Концерт" компаниясының продюсері Мәлік Хасенов айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Хасеновтің айтуынша, Backstreet Boys поп-тобының концертіне билеттерді 15 шілдеде сағат 12.00-ден бастап Ticketon.kz сайтында сатып алуға болады. Онда 10 түрлі төлем жасау тәсілі қарастырылған, оның ішінде бөліп төлеу де бар.
"Backstreet Boys тобының әлемдік турымен салыстырғанда, Астанадағы концерт билеттері өте қолжетімді болады. Билеттердің бағасы 40 мың теңгеден басталады. Мұндай топтың концертінен ерекше эмоциялар алуға болады деп ойлаймын.
Біз алыпсатарлармен, әділетсіз баға қоюмен күресеміз. Бір қолға 4 билеттен ғана сатылады. Яғни, толық ашықтықты қамтамасыз етеміз", - деді ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Мәлік Хасенов.
Оның сөзінше, сахнаға топтың бастапқы құрамы толық шығады: Ник Картер, Эй Джей Маклин, Хауи Доро, Кевин Ричардсон және Брайан Литрелл. Бағдарламада негізгі хиттер орындалады.
ҚР МАМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Азамат Белқайыровтың айтуынша, концерт толықтай жекеменшік инвестиция есебінен ұйымдастырылады. Жобаны жеке ұйымдастырушылар жүзеге асырады. Мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбеген. Министрлік өз тарапынан ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдау көрсетіп жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/showbiz/career/2263887-qazaqstanda-algash-ret-aigili-backstreet-boys-tobynyng-kontserti-otedi-biletter-qashan-satylymga-shygady/