"Полиция қызметі – өмірлік миссиям": рэп оқитын қарағандылық полицей туралы не білесіз (видео)
Жарияланған күні:

Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында оқытушы болып жұмыс істейтін полиция капитаны Шерхан Төлеуханов полицей болу оның бала кездегі арманы екенін айтты. "Рэп оқитын полицей" лақап атымен танымал болған капитан "Таңшолпан" бағдарламасына сұхбат берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Сұқбатта тікелей видеобайланысқа шыққан Шерхан Төлеуханов мектеп кезінен өнерге жақын екенін атап өтті.
"Шығармашылық жайлы айтар болсам, өзіміздің кішігірім әулетте өнерлілер бар. Үлкендерден берілген қасиет деп ойлаймын. Мектепте, шығармашылық ортада, ұйымдастырушы болып жүрдім.
Полиция қызметкері болу – мектеп кездегі ер балалардың арманы. "Өскенде кім боласың" десе полицей боламын деуші едік. Менде де сол кезде балалық арманым болды. Полиция қызметкері болу – отан алдындағы борышты өткеру. Қазір Қарағанды қаласында еңбек етіп жатырмын. Осы қалада өстім", - дейді ол.
Шерханның сөзінше, рэп оқу оның негізгі қызметтен тыс кездегі хоббиі. Оның ән қоржынында қазір 50-ге жуық туынды бар. Әнін де, сөзін өзі жазады
"Өзім де Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлегімін. Қазір академияда оқытушымын.
Мен үшін полиция қызметі – өмірлік миссиям. Ал рэп – жан дүниемнің еркін көрінісі.
"Ұлың офицер, мама" деген авторлық туындым арқылы танылып кеттім. Осы әнді орындағаным Tik Tok желісінде тарап кеткен ғой. Содан кейін көп қолдау естиміз", - деп жауап берді Шерхан Төлеуханов.
Оның шығармалары қоғамда орын алған мәселелерге, патриотизмге және отбасылық құндылықтарға арналған. Әндері арқылы ол жастарды жақсы істерге, заңға бағынуға және отанға адал болуға үндейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2195435-politsiia-qyzmeti-omirlik-missiiam-rep-oqityn-qaragandylyq-politsei-turaly-ne-bilesiz-video/