2024 жылдың ең үздік ұсыныстары мен үйлену тойлары
Жарияланған күні:

2024 жылы бірқатар өнер иесі өмірлік серігін тауып, отбасын құрды. Бірі үйлену тойын қарапайым түрде тек ет-жақындарымен өткізсе, енді бірі бұл маңызды күнді дүркіретіп атап өтті. Осы тұрғыда KAZ.NUR.KZ оқырмандар назарына осы жылдың ең үздік жұлдызды тойлардың топтамасын ұсынады.
Ермек Шынболатов
Көпшілікке "Дәстүр" мен "Адал алаяқтар" фильмдері арқылы танылған отандық актер Ермек Шынболатов 2024 жылы ресми түрде бойдақтар тізімінен шықты. Өнер иесі арманындағы аруын жолықтырып, көп ұзамай отау құруды шешкен. Оның таңдауы шымкенттік Гүлбала есімді бойжеткенге түскен. Қос ғашық әлеуметтік желіде танысып, 7 ай бойы кездесіп жүрген.
"Тойды өз күшіммен және достарымның қолдауымен жасадым. Ең жақын деген 350 адамның басын қостым. Осы мауысымдағы табысымның барлығы тойға кетті. Сүйіктіммен кездесу үшін 15 күн сайын ұшаққа билет алып баратынмын. 2-3 күн кездесіп, қайтадан ұшып кететінмін. Бас-аяғы тойға дейін 17 рет кездестік. Ол мені баурап алды. Көзім көрді, жүрегім сезді. Қалыңмалға 4 млн теңге бердім",- деп ағынан жарылды актер.
Айгүл Иманбаева
2024 жылы өз бақытын тапқан жұлдыздар қатарында Айгүл Иманбаева да бар. Әнші арқа сүйер азаматымен шетелде оқуда жүрген кезінде табысқан. Сөзінше, ол да ажырасқан, бір қызы бар. Әншінің жолдасы он жылдан бері Америкада тұрады.
"Күйеуім 10 жылдан бері Америкада тұрады. Қызы Лондонда оқиды. Өзім секілді ажырасқан жігіт. Тағдырымыз ұқсас болып тұр. 1977 жылы дүниеге келген. Найман руының жігіті. Бірақ менен алты ай ғана кіші. Ортақ достарымыз арқылы таныстық. Ең алғаш көргенде "мына жігітті 15 жыл бұрын түсімде көрдім" дедім. Телефон алмастық. Менің әртіс екенімді білмейтін болып шықты. ҚазҰУ-дың филология факультетін бітірген. Мен журналистика мамандығында оқығанмын. Екінші мамандығы – ІТ саласы. Бірақ Алматыда кездеспеппіз" , - деді актриса.
Өнер иесі сүйіктісімен Америкада некесін қидырған. Иманбаева мәһрге қымбат Lamborgini көлігін сұрағанын айтты.
Ерлі-зайыпты үйлену тойын 2025 жылдың басында Америкада тек ет-жақындарының арасында өткізуді жоспарлап отыр.
Серікбол Сайлаубек
Белгілі әнші Серікбол Сайлаубек осы жылы екінші рет шаңырақ көтерді. Шоу-бизнес жұлдызының отбасын құрғанын белгілі отандық асаба Руслан Искаков хабарлады. Ол Instаgram-дағы парақшасында үйлену тойдан видеолар жариялап, дүбірлі тойдың қалай өткенін көрсетті.
Әншінің қуанышына тек ет-жақындары мен өнердегі достары ортақтасып келген. Танымал тұлғалар арасында Сәкен Мағазиев, Ермек Меденов, Ахметжан Есімов, Ұланғасыр Қамиев және т.б бар.
Белгілі болғандай, Серікбол Сайлаубектің таңдауы Назкен есімді аруға түскен.
Салтанат Серкебаева
Отандық танымал әнші әрі актриса Салтанат Серкебаева осы жылдың ақпан айында тұрмысқа шықты. "Түнгі студия" жүргізушісі Семей қаласына келін болып түсті.
Өнер иесінің қуанышына бірқатар өнер жұлдыздары келген. Дүбірлі тойдың тізгіні белгілі әзілкеш Қайрат Әділгерейде болса, беташарды Қабдол Тлеков жүргізді. Сонымен қатар Маржан Арапбаева, Дастан Оразбеков пен Қайрат Нұртас тойдың сәнін келтіріп, өнерін ортаға салды.
Фариза Ескермес
"Мошенники" және "Нурикамал" фильмінде басты рөлдерді сомдаған Фариза Ескермес осы жылдың күз айында тұрмысқа шықты. Актрисаның таңдауы Андрей есімді азаматқа түсті. Жас жұбайлар үйлену тойын жақындары мен жұлдызды достарының арасында өткізді.
Оған дейін өнер иесі "Сырға салу" рәсімі мен Hen Party кеші қалай өткенін көрсеткен болатын.
Aeka Posh
Жастар арасында Aeka Posh лақап атымен танылған блогер Айым Алтынбекова тамыз айында екінші рет тұрмысқа шықты . Бұл қуанышты жаңалығын желі жұлдызының өзі жария етті. Ол Instagram желісінде асқан белсенділік танытып, оқырмандарына тойы қалай өткенін көрсетті.
Блогердің ұзату тойы өз үйінде тек ет-жақындарының арасында өтті. Отырыстың соңында Aeka Posh қазақтың салт-дәстүрлеріне сай ұзатылып, жаңа үйіне келін болып түсті.
Екі тарап та жақындары үшін құдалық өткізіп, үлкен тойға тек қана жастардың достары шақырылған.
Айқын мен Жұлдыз
2024 жылы Айқын Төлепберген келіншегі Жұлдыз Өмірғалидің асқақ арманын орындап, үйлену тойын дүркіретіп өткізді. Ерлі-зайыпты осыдан 9 жыл бұрын отау құрса да, дүбірлі той жасауға реті келмеген.
Айқын мен Жұлдыз үйлену тойын Алматыдағы қымбат мейрамханалардың бірінде жасаған.
Ерлі-зайыпты бұл қуанышына барша туыстарын, жақындарын, достарын шақырған. Қадірлі қонақтар арасында бірқатар өнер иесі болды. Олардың арасында Мадина Сәдуақасова, Маржан Арапбаева, Аша Матай, Айдай Исаева, Анар Батырхан, Дастан Оразбеков және т.б бар.
Дүбірлі той алдында жұлдызды жұп ел алдында тағы бір мәрте некелерін қиып, бір-біріне жүзік тақты.
Оған қоса Айқын Төлепберген үйлену тойы кезінде келіншегіне күтпеген жерден тосынсый жасап, әйгілі Алексей Чумаковпен бірге ән шырқады.
Артур Асқарұлы
Гүлмира Дайрабаеваның ұлы, белгілі блогер Артур Асқарұлы да осы жылы жұлдызды бойдақтар қатарынан шығып қалды. Желі жұлдызы сүйіктісіне естен кетпес ұсыныс жасап, қатты таңғалдырған.
Ол ғашығын Көлсайда үйленуге ұсыныс жасап, бірден сол жерде некесін қиған. Артур Асқарұлы бұл ұсынысқа қатты дайындалғанын жасырмады. Ол сүйіктісінің жауабына сенімді болып, өзімен бірге Көлсайға имамды алып келген. Блогердің ғашығы мұндай тосынсыйды мүлдем күтпеген болып шықты. Ол сақина ұсынып тұрған сүйіктісін көргенде көзіне жас алып қалды.
Айжұлдыз Адайбекова
Отандық танымал видеоблогер Сәкен Қағаров саяхат кезінде сүйіктісі Айжұлдыз Адайбековаға үйленуге ұсыныс жасап, оның "иә" деген жауабын алды. Желі жұлдызы үйленуге ұсынысты аса ерекше жасау үшін барын салған. Адайбекованың ғашығы туған күніне оған шетелге саяхат сыйлап, Исландиядағы сарқырамада өзіне тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған.
Жұлдызды жұп қазіргі уақытта тойға қызу дайындықты бастап кеткенін айтты.
Ayree
2024 жылы белгілі әнші Ayree де қалыңдық атанды. Өнер иесі бұл қуанышты жаңалығын Instagram-дағы парақшасында бөлісіп, барша оқырманын қуантқан. Әнші ару бақытты сәтінен видео жариялап, көпшілікке сүйіктісі қалай ұсыныс жасағанын көрсетті.
Белгілі болғандай, өнер иесі ғашығымен бірге Шанхай қаласына арнайы түсірілім жасау үшін барған. Алайда түсірілім барысында ойламаған жерден Ayree-дің сүйіктісі оның алдынан шығып, сақинасын ұсынған.
Әншінің таңдауы Нұркен Қасымов есімді танымал клипмейкерге түскен.
Қос ғашық елге оралған бойда мешітте некесін қидырып, ерлі-зайыпты атанды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2203847-2024-zhyldyng-eng-uzdik-usynystary-men-uilenu-toilary/