Шоубиз

Зектілері

"Бәрі бос сөз бен сылтау": Асхат Садырбай аттестатты контент үшін қоқысқа тастағандарды сынға алды

Жарияланған күні:

Асхат Садырбай
Фото: Instagram/askhat_sadyrbay

Танымал журналист әрі тележүргізуші Асхат Садырбай мектептегі кезін еске алып, қазіргі шәкірттер мен 20 жыл бұрынғы түлектерді салыстырды. Бұл туралы ол желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Аттестаттарын қоқысқа тастап жатқан оқушылардың видеосын көріп ойланып қалдым...

Бәріміз де оқушы болдық, бала болдық. Бірақ мемлекеттік емтиханды аман-есен тапсырып алған соң аттестатты асыға күтіп, мектеппен қоштасарда бар ойымыз оқуға, грантқа түсу, бір мамандықты игеру болды. Сол бір жапырақ қағаздан (аттестаттан) артық қағаз болған жоқ қой сол кезеңімізде.

Биыл біздің мектеп бітіргенімізге 20 жыл болды. 20 жылдық кездесуді дүркіретіп тойладық. Мектебімізге, ұстаздарымызға сый-сыяпат жасап, баталарын алдық. Бәрінен бұрын сыныптастарымызбен сағыныса қауышып, таңды таңға жалғап әңгіме айттық, ойнадық, биледік, сол қызық болды. Мектеп бітіретін уақытта бәріміз армандарымызды бір параққа жазып жетекшілерімізге жинап беріппіз. 20 жылдан соң сол қағаздарды оқып тағы бір таңғалдық.

20 жыл деген көп уақыт та емес шығар бәлкім. Бірақ сол уақыт пен қазіргі уақытты салыстырар болсақ тәуелсіздік алған жылдардың алғашқы кезеңі, дүкенде азық-түлік бүгінгідей толып тұрмайды. Асханадан 1 пирожкиді жесең жедің, жемесең қыздар алып келген нандарын қанағат тұтасың. Компьютер, телефон, планшет, ноутбук атымен жоқ. Ауылдағы мектепке компьютер біз 10-сынып оқып жүргенде келді. Оның өзіне тек информатика сабағында кіресің, болды.

Қазір ше? Әр балада бір-бір телефон, интернет, тик-ток, каспи голд. Шүкір ғой. Қазіргі мектептегі білімді сынаған жазбаларды көзім шалып қалды. Ал жарайды білім соншалықты төмен екен, тәрбие ше? Баланың тәрбиесіне де мектеп жауапты ма сонда? Құндылық, жауапкершілік, әдеп қайда қалды? Прикол үшін, контент үшін десеңіз қайтадан сол тәрбиеге келіп тірелеміз. Ал шын білім іздеген бала қолындағы телефонды алып қоқыс жәшігінен контент жасағанша оқиды, ізденеді, өзінше білім алады. Басқасының бәрі бос сөз бен сылтау", - деп жазды тележүргізуші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/scandals/2026154-bari-bos-soz-ben-syltau-asxat-sadyrbai-attestatty-kontent-usin-qoqysqa-tastagandardy-synga-aldy/