Шымкентте мүгедектер арбасына таңылған бүлдіршін Аяз атадан аяғына жан бітіруін сұрады
Опубликовано:
Шымкентте аяқ-қолының қозғалысы бұзылып, қол арбаға таңылған бүлдіршін Аяз атаға арманын айтып, хат жазды. Алайда Назерке Аймұратованың арманы мүлдем басқа. Ол өзгелер секілді Аяз атадан тәттілер мен ойыншық тілемейді деп хабарлады "ТВК" арнасы.
"Мен де тезірек қайта аяққа тұрғым келеді. Құрбыларыммен мектепке барып, оқығым келеді. Қазір менде араласатын сыныптастарым жоқ. Аяз ата маған сыйлық қажет емес, тек денсаулық керек. Сіз маған көмектесіңізші. Менің қайта аяққа тұруыма көмектесетін жақсы дәрігерлер тауып беріңізші", - деп жазған балақай өз хатында.
Кезінде шапқылап асыр салып жүрген Назерке бір түннің ішінде сал болып қалады. Анасы перзентіне ем іздеп, талай емші мен емхананың табалдырығын тоздырған. Бірақ, қызының дертіне шипа дарымай отыр.
Дәрігерлер Назеркеге өте сирек кездесетін «неро-инфекциялық» диагноз қойған. Десе де, ата-анасы диагноздың дұрыс қойылғанына күмәнмен қарайды. Себебі, қабылдаған емдері еш нәтиже бермеген.
Назеркенің ата-анасы Шымкенттің шетіндегі Шұбарсу ауылында тұрады. Келіншек қызының еміне қолайлы болу үшін қаладан пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Қазіргі уақытта бұл отбасы қолдаудың қандай түріне болса да зәру.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1002363-shymkentte-mugedekter-arbasyna-tanhyl/