Қаңтардың ортасында ОҚО-да бәйшешек гүлдеп, ағаштар бүр жара бастады

Опубликовано:

Оңтүстік Қазақстан облысында қаңтарда бәйшешек гүлдеп, ағаштар бүршік жара бастады. Күн райының жылы болуынан көктемнің нышаны болып саналатын дала гүлі қауыз жарған деп хабарлайды 24.kz.

Тіпті тау бөктерлері көкке оранды. Ал Шымкенттегі дендрологиялық саябақта аққайың, шынар, мәжнүн мен талшын, жұпаргүл бұталары және қара ағаш бүршік жарған.

Жалпы бұл бақта 200-ден астам ағаш түрі бар. Дендрологиялық саябақтағы үйректердің қатарын жабайы құстар толықтырған. Әдетте бұл уақытта жылы жаққа ұшып кететін жыл құстары да биыл ұзай қойған жоқ. Соған қарап биылғы қыс жайлы болатын түрі бар.

Ал облыстық «Қазгидромет» орталығының мамандары қаңтар айы жылы болады деп отыр. Айдың аяғына таман тек бір-екі күн аздаған аяз болуы мүмкін. Мамандар сол уақытта ауа райының құбылмалы болуынан жеміс ағаштары былтырғыдай суыққа ұрынып қала ма деп қауіптеніп отыр.

"Ауа райы тағы бірнеше күн осылай тұратын болса, бүршіктер ашылайын деп тұр. Бұл ерте ашылу ағаштарға зиян. Себебі алда суық болады дейді. Ол суықта жапырақ шығып қойса, қиын болады. Орысша айтқанда, ұйықтап жатқан бұталар қайта бүршік жарады", - дейді дендрологиялық саябақтың ғылыми қызметкері Үсен Мамырбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1011040-qanhtardynh-ortasynda-oqo-da-baysheshek-g/