Ақтөбелік жігіттің әзілін түсінбеген атыраулықтар ашуға булықты
Опубликовано:
Атыраулық достарына арнаған видео-сәлемін Instagram желісінде жариялаған Есет Сағымов бір күнде әлеуметтік желілердің жұлдызына айналып шыға келді. Ақтөбелік азаматтың видеосын сан саққа жүгіртушілер оған қоқан-лоққы жасай бастапты деп жазады Керек-инфо.
Instagram-да жариялаған видеосында ақтөбелік азамат: “Атыраулық достарыма сәлем жолдаймын! Сендерге биыл қар жауды деп естідім. Өтінерім – қарды жемеңдер. Тамақтарыңа салқын тиіп ауырып қаласыңдар. Сондай-ақ, мен құсап қарға да шомылмаңдар, сендер әлі оған үйренбегенсіңдер, әлсізсіңдер” деп әзілдейді. Бар-жоғы 10 секундтық видео күллі Қазақстанды дүрліктіріп, елдің түпкір-түпкіріндегі қарға шомылушылар эстафетасына себеп болды.
Есетке ең алдымен Марат есімді атыраулық азамат жауап жолдаған. Ол өзінің 3 жастағы қызы екеуі қарға шомылып, оны желіде жариялады. Осыдан кейін-ақ жан-жақтан қарға шомылушылар мен қар үстінде жалаңаяқ жүгірушілердің түрлі видеосы әлеуметтік желілерді жаулап алды. Ойламаған жерден республикалық эстафетаға себепкер болған Есетке қоқан-лоққы жасаушылар да жоқ емес.
"Атыраулықтардың намысына тидің. Бізді әлсізсің деп мазақ қылдың. Аузыңды абайлап аш, жаныңды шығарамыз!" деп хабарласқандар болды. Бірақ менің ешкімнің намысына тиейін деген мақсатым болған емес. Өзімнің екі досыма қалжың ретінде жазған видео-сәлемім еді. Бұрын Атырауда жұмыс істеп жүрген кезімде, ол жақта мүлдем қар болмайтын. Биыл қар қалың жауғанын естіп, достарыма қалжыңдаған болатынмын",- дейді Есет Сағымов.
Осы видео бағытталған екі жігіттің бірі Парасат Ғалымжанов та досының қалжыңын жұрттың сан саққа жүгіртіп жатқандығынан хабардар.
"Есет – әзілқой жігіт. Екеуміз бірге оқып жүрген кезімізде КВН-де ойнадық. Түрлі қалжың видеоларды түсіріп, бір бірімізге жіберетінбіз. Есеттің өзімсініп айтқанын жұрт өздеріне бұрып алып, шу шығарып жатыр",-дейді Парасат.
Атыраулық жігіт Жайық өзенінде шомылып жүрген видеосын Instagram-да жариялағысы келген. Видеода Парасат Есетке бағыттап “Ақтөбеде мұндай су жоқ қой”,-деп айқайлайды. Бірақ досына көрсетілген қоқан-лоққыдан соң жас жігіт өз ойынан айнып қалыпты.
Қақаған қыста қарға шомылып жүрген Есет Сағымов Темір ауданы, Шұбаршы ауылының тұрғыны.
"Біздің ауылда қар қашанда қалың жауады. Кішкентай кезімде үйдің моншасын жағып, ыстық будан шыққан соң, әкем бізді қарға көміп тастайтын. Осылайша шынығып өстім. Бұл мақтаныш үшін түсірілген видео емес, күнделікті хоббиім",- дейді Есет Сағымов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1013947-aqtobelik-zhigittinh-azilin-tusinbege/