Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбыл облысында ерлі-зайыптылардың дәретханадан табылған сәбиді асырап алуы тығырыққа тірелді

Опубликовано:

Жамбыл облысында дәретханадан табылған сәбидің тағдыры жаңа қырынан өрбіді. Ажалдан аман қалған нәрестені асырап алушылар арасында қызу талас жүруде деп хабарлайды КТК арнасы.

Жуалы ауданынан келген Ахметовтер отбасы алғашқылардың бірі болып тастанды бөбекті бауырына басу ниетін ресми түрде жария етті. Қазір соған қатысты құжаттарын жинап жанталасып жатыр.

Бала асырап алудың машақаты айтпаса да түсінікті. Әсіресе, осы сәбиге көз тіккендер көп көрінеді. Дегенмен тәуекелге бел буған жас отбасы бүлдіршінді өздеріне алу үшін өліспей беріспек емес. Қазір қат-қат құжат жинап, тиісті мамандардан кеңес алуда.

Алайда «Үміт» бөбектер үйінің бас дәрігері сауапты іске ниет білдіргендердің үмітін су сепкендей басты. Себебі өңірде бала асырауға ниеттілердің саны жүзден асады. Ескендір мен Елена Ахметовтер кезекке де тұрмағандықтан, балалы болулары екіталай. Әрі, баласын шұңқырға тастап кеткен тасбауыр әйел аналық құқығынан әлі айрылмаған.

"Ия, екіталай өйткені бұл сәбидің анасына іс қозғалып отыр. Ол істің қашан бітетіні, соттың шешімі қалай болатыны белгісіз", - дейді «Үміт» бөбектер үйінің бас дәрігері Айжан Жақсымбетова.

Еске сала кетсек, қаңтардың үшінде күре жолдың бойындағы әжетхананың шұңқырынан жаңа туған шақалақ табылған еді. Бес күннен соң оның анасы 21 жастағы Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны екені анықталған. Баласынан безінген қатыгез ана кепілдікке ақша беріп, қазір бостандықта жүр.

Ал дәретханада туылған қыздың жағдайын естіген Ахметовтер отбасы нәрестені бірден асырап алуға бел буған. Елена бөбекті Тұрар Рысқұлов ауданынан Таразға жеткізіледі дегенді естіген бойда жолдасы екеуі «Үміт» балалар үйіне барып, сәбимен қауышқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1016188-zhambyl-oblysynda-erli-zayyptylardynh/