Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында ұрланған асыл тұқымды жылқының оқиғасы адам өлімімен аяқталды

Опубликовано:

Шаруа қожалығы басшысының күйеуі мен ферманың бірнеше жұмысшысы асыл тұқымды бие ұрлау оқиғасын өздері шешпек болған, бірақ олар тергеуге ілікті. Себебі жанжал кезінде бір адам мерт болған деп жазады Азаттық.

Алматы облысы Көшкентал ауылдық округындағы асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын «Азамат» шаруа қожалығы «адамды өзіне қол салуға дейін жеткізді» деген айыппен қозғалған қылмыстық іске ілікті.

Ферма иесі Лидия Ғалиеваның айтуынша, былтыр жыл аяғында белгісіз біреулер оның 10 мың доллар тұратын ағылшын тұқымды биесін қорасынан ұрлап әкеткен. Әйелдің айтуынша, күйеуі мен шаруа қожалығының екі жұмыскері бірден қуғынға шығып, көрші ауылдың сарайында ұрланған биені сойып жатқан ұрылардың үстінен түскен.

Лидия Ғалиеваның айтуынша, қылмыс үстінде ұсталған «қаскүнемдер» ұрлап әкетіп, сойып тастаған жылқының ақшасын қайтарамыз деп қолхат жазып беріп, полицияға хабарламауды өтінген. Қазір ферма қожайыны мен оның күйеуі Зейнелхан Ғалиев «барымташылардың» өтінішіне бекер көндік, құқық қорғау органдарына жүгіну керек еді деп отыр. Өйткені әлгі ұрлықтан кейін екі апта өткенде «ұрылардың» бірі асылып қалған, ал Лидия Ғалиеваның күйеуі «заң тәртібін бұзып, өктемдік жасады, адамды өзіне қол жұмсауға жеткізді» деген айыпқа іліккен.

"Малымызды жылда ұрлайды, бірнеше жыл ішінде барлығы 68 қой, бес сиыр, төрт жылқымызды ұрлап кетті. Ақсу аудандық полиция бөліміне жазған шағымымыздан еш нәтиже шықпады. Ал бұл жолы тиісті паспорты бар бағалы биемізді әкеткен соң күйеуім жұмысшыларды ертіп, ұрылардың ізіне түсті. Оларды ешкім ұрып-соғып немесе қорқытқан жоқ. Қолхатты өз еріктерімен жазды, күйеуім оның бәрін ұялы телефонына түсіріп алған. Видеоны іс материалдарына тіркеді. Ұрыларға қысым жасалмағанын сараптама да растады", - дейді Лидия Ғалиева.

«Өктемдік танытты» деген күдікке ілінген бұрынғы полицей Зейнелхан Ғалиев «менің ауқатты фермер екенімді біліп, әлдебір пайда көру үшін тергеушілер қылмыстық істі қолдан жасап отыр» деп болжайды.

"Ұрыларды жапа шегуші, ал мені қылмыскер етіп шығарғандарына қайран қаламын. Олар өзге болжамдарды неге тексермейді? Мүмкін, биені ұрлаған кісінің ұяты оянған шығар, мүмкін туыстарымен немесе жұмыс берушісімен (көрші шаруа қожалығы иесін айтады – ред.) керісіп қалған шығар", - дейді Зейнелхан Ғалиев.

Оқиғаға қатысы бар Асылхан Байсихов пен Қалқа Рахымбергенов Азаттық тілшісімен сөйлесуден бас тартты. Өзіне қол жұмсаған Ыбрайым Мұқажановтың бауыры Марат Мұқажанов туысын біреудің ұрып кеткенін айтты. Оның айтуынша, марқұмның бетінен сау-тамтығы қалдырмай ұрған, ал мойнында тыртық қалған.

"Кім ұрып-соққанын да, мұның бәрі қалай болғанын да білмеймін, бірақ бауырымды қорқытып, суицидке дейін жеткізген кінәлі жандарды табу үшін оның жұмыс берушісінің ақылымен полицияға арыз жаздым", - дейді Марат Мұқажанов.

Фермер Зейнелхан Ғалиевтің адвокаты Мира Досанова «жылқы ұрлағандар енді өзіне қол салуға дейін жеткізу ісінде куәлерге айналып, жауаптарын дүркін-дүркін өзгертіп жатыр» дейді.

Алматы облыстық ІІД өзіне қол салу ісі бойынша жүргізілген тергеу амалдары аяқталуға таяп қалғанын, көп ұзамай айыпталушылар сотқа тартылатынын хабарлайды. Алматы облысы ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Жанат Сарқытов:

"Өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу – ауыр қылмыс. Заң бойынша айыпты адамдар сегіз жылға дейін сотталуы мүмкін", - дейді.

Алматы облысы прокуратурасы дерегіне қарағанда, 2015 жылы облыста бір мыңға жуық мал ұрлау оқиғасы тіркелген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16 пайызға аз. Бірақ бұл статистикалық дерекке сену қиын. Полицейлердің мәлімдеуінше, ұрланған мал иелерінің көбі құқық қорғау органдарына шағымданбайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1016705-almaty-oblysynda-urlanghan-asyl-tuqym/

pixel