Жамбыл облысында жаңа туған нәрестені лақтырып жібергендерді қандай жаза күтіп тұр?
Опубликовано:
Жамбыл облыстық ІІД толғатқан қыз бен оның өгей шешесін тасыған жүргізушінің үстінен қылмыстық кодекстің 2 бабы бойынша іс қозғалды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
«Көлік жүргізушісінің үстінен «Қылмысты көре тұра құзырлы органға хабар бермеу» деген айып тағылды. Осы ісі үшін күдіктіге 6 мың айлық есептік көрсеткіште (13 миллион теңгеге жуық) айыппұл салынады немесе 6 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Екіншісі «қауіп қатерде қалдыру» деген бап. Егер кінәсі дәлелденсе 3 жылға дейін түрмеге жабылады», - дейді полицейлер.
Әзірге жас ана мен оның өгей шешесін тасыған жүргізуші ешқайда кетпеу туралы қолхат арқылы үйіне жіберілген. Ал, оқушы қызды асырап алған анасы соттың шешімімен 2 айға уақытша оқшаулау изоляторына жабылған. Басты күдіктің бірі - осы әйел. Себебі, аман-сау туылған баланы көліктің терезесінен лақтырып жіберген. Оның үстінен «жасөспірімді қасақана өлтіру» бабымен іс қозғалған, кінәсі дәлелденсе 13 -20 жылға дейін бас бостандығынан айрылады.
Ал, қайтыс болған сәбидің әкесі делінген жігіттің де үстінен Қылмыстық кодекстің 122 бабы, яғни «16 жасқа толмағанмен жыныстық қатынасқа түсу» деген айып тағылған. Қылмыстың құрамына қарай 6 ай немесе 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Қазір күдікті студенттің шынымен де нәрестенің әкесі екендігін дәлелдеу үшін арнайы сараптама тағайындалған. Ол да ешқайда кетпеу туралы қол хатпен үйіне жіберілді.
Прокурорлардың сөзінше, баланың әкесі 1998 жылы өмірге келген, жергілікті колледждің бірінде оқиды. Күдікті қызбен жыныстық қатынасқа түскенін мойындаған. Тергеу барысында белгілі болғаны, оқушы өзінің екіқабат екенін жігітіне айтқан. Алайда, студент әке-шешесімен сөйлесіп, «үйленем» деп уәде бергенімен, соңғы екі айда телефонын сөндіріп, жоқ болып кеткен.
Естеріңізге сала кетсек, 13 қаңтар күні Жамбыл облыстық трассасының бойынан жаңа туылған сәбидің өлі денесі табылған болатын. Артынша, туған анасы ретінде 16 жастағы Үшарал ауылының тұрғыны ұсталған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1017754-zhambyl-oblysynda-zhanha-tughan-naresten/