Алматыда қайыр тілеп жүрген аяғы ауыр келіншек халықтан көмек сұрады
Опубликовано:
Алматыда аяғы ауыр келіншек қайыр тілеп жүр. Алты жасар ұлын ертіп, жүктілігінің алтыншы айында көше кезген келіншектің жақында күйеуі қайтыс болған.
Қаңтардың қара суығында қол жайып, көшеде отырған жесір әйел, қайырымды жандардың көмегіне зәру деп хабарлайды 31 арна.
Әйгерім - жүзін камерадан жасырды. Көмек көрсетпегенімен, баламның көзіне нұқып, мазақ қылатын өз туыстарымның сөзінен қорқам дейді. Анам қарайласпады, әкемнің өзге отбасы бар деген келіншектің жақында күйеуі өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болған. Содан бері көшеде қол жайып жүрген көрінеді. Өйткені, аяғы ауыр әйелді ешкім жұмысқа алмайды дейді.
"Квартираның ақшасын төлей алмай жатырмын. Елдерден көмек сұраймын. Көмектесіңіздерші. Өзімнің аяғым ауыр. Мен баламды ешкімге бергім келмейді", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Әйгерім Саркиева.
Әйгерім - өз күшімен компьютерді меңгеріп алған. Бірақ қолайлы жұмыс таппапты. Бұрын тек бала күтушісі болып жұмыс істеген. Кейін күйеуінің жалақысымен жан бағыпты. Отағасынан айырылғалы нәпақасын көшеден тауып жүр. Алайда, күні бойы отырып, түк таба алмай қайтатын күндерім көп дейді аяғы ауыр келіншек.
Келіншектің босанатын күні жақындаған сайын жылы пәтерімнен айырылып қалам ба деген қорқынышы басым. Биыл бірінші сыныпқа баруы тиіс ұлын да қасынан тастамайды. Мектепке беретін күйім болмады дейді.
Ұлы Әділі де тілі күрмеліп сөйлейді екен. Емдетуге қаражаты жоқ, әзірге тапқан-таянғаны - ішіп-жем мен жалдап тұратын бөлмесінің ақысынан артылмайды. Кейде жетпей де қалады.
"Аяқ-қолымды бауырыма алған соң, екі баламды өзім бағам, тек осы уақытша қиындықтан шығып алсам екен" - деген жүкті әйел, қайырымды жандардан көмек сұрайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1020015-almatyda-qayyr-tilep-zhurgen-ayaghy-auyr/