RU

Борышкелердің көшеге қара жамылып шыққанын жаман ырымға балап жатқандар көп

Депутаттардан қайыр жоқ деген бір топ борышкердің үстеріне қара жамылып, көшеге шығуын ел ішінде жаман ырымға санап жатқандар көп деп хабарлайды 31 арна.

Алматының орталық даңғылын кесіп өтіп, "Қазкоммерцбанк" пен "ЦентрКредит банктің" алдына келіп, наразылық шарасын ұйымдастырғандардың өз талабы бар болатын.

Олар елдегі экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы мен теңгенің үздіксіз құнсыздануына байланысты қарыздарын өтей алмай жатқандықтарын алға тартып, ипотеканың қайта есептелуін талап етеді.

Банк жалауын көпшіліктің көзінше өртеп, "БЦК" жоғалсын деп ұрандатқан борышкерлердің бұл бірінші ереуілі емес. Осыған дейін де бұл топ талай рет қоғам назарын өздеріне аудару мақсатында түрлі амал-әрекет жасаған болатын.

Алайда қара жымылып шыққан борышкерлердің бүгінгі амалын ақсақалдар қолдамай, сөгіп отыр. Қазақта "қара жамылу" деген тіркес өлім болғанда ғана қолданылады. Тұмшаланған адамдардың бұл қылығы жаман ырым, қайғы-қасірет шақыру, не бастарына күн туды -дейді олар.

"Қазақтың әдет-ғұрыпына бұл жат нәрсе. Қара жамылу деген бұл жаманшылық ойлап, қара ниеттілікпен келу деген жақсы ырым емес. Ал енді мынау не деген сұмдық. Қоғамдық тәртіпті бұзып, халықты үрейлендіріп, жат ағым ғой қоғамымызға, мемлекеттік құрылымымызға жат ағым болып тұр", - дейді тұрғындардың бірі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1020124-boryshkelerdinh-koshege-qara-zhamylyp-shy/