Желі қолданушылары Нұртас Адамбаевты депутаттыққа ұсынып жатыр

Опубликовано:

Әлеуметтік желі қолданушылары актер, режиссер, шоумен Нұртас Адамбаевты парламент мәжілісіне депутаттыққа сайлауды ұсынды деп хабарлайды NUR.KZ.

Алғашқылардың бірі болып, Facebook әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы Ерғали Жұмағұлов өзінің жеке парақшасына «ҚазақстанРеспубликасының мәжіліс депутаттығына Нұртас Адамбаевты сайлауды ұсынамын. Оның жеке партиясын құру қажет» деп әзілді шынды өз ойын білдірген.

Кейбір оқырман бұл жазбаны шын көңілімен қабылдап, комедия жанрының актері, продюссер әрі режиссер Нұртас Адамбаевтың расымен де депутат болуға лайық екенін білдіріп, қолдап жатыр.

Алайда, шоуменнің өзі қазақстандықтардың депутаттықа ұсынғанынан бейхабар болып шықты.

«Мені депутаттыққа ұсынғандарға, маған сенген жандарға алғысым шексіз. Мен бұл флешмобтың астарында не жатқанын жақсы түсінемін. Алайда,  дәл қазір бәрін тастап, халық қалаулысы атануға кетіп қалмаймын. Елімізде жақсы депутат жетерлік, ал жақсы режиссер өте аз. Сондықтан да бар күш-жігерімді қазақ киносының дамуына саламын. Ал,  кейін уақыт өте қазақ парламентіне керек болып жатсам, барып еңбек етуге дайынмын. Бірақ, дәл қазір емес »,-  дейді Нұртас Адамбаев.

Нұртас Абайұлы Адамбаев – қазақстандықтарға көңілді тапқырлар клубында өнер көрсеткен  КВН-ші ретінде жақсы таныс. Бертін келе, жеке шығармашылықпен айналысып, өзі режиссерлік етумен комедия жанрында бағдарламалар мен кино түсіріп жүрген, танымал актер әрі продюссер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1020257-zheli-qoldanushylary-akter-nurtas-adam/