Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырауда ​«қорада» тұрып жатқан отбасы халықтан көмек сұрады (фото)

Опубликовано:

Атыраудың Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылында тұратын Қожановтар отбасының басында баспанасы болғанымен, өкінішке орай, бұл аяз бен жаңбырдан құтқармайды деп жазады Ақжайық басылымы.

Саманнан тұрғызылған лашық үйде 53 жастағы Гүлжан Қожанова ІІ топтағы мүгедек қызымен бірге тұрып жатыр.

"Бұл үйді атам 1944 жылы тұрғызған. Содан бері бұл баспана күтімнің арқасында осы кезге дейін жетті. Жолдасым барда төбені майлап, су өтпеуіне жағдай жасайтын. Енді, міне, төрт жыл болды, ол қайтыс болғаннан бері бұл үй күтімсіз тұр. Оны майлап-сайлауға менің денсаулығым көтермейді, күрделі жөндеуге де жағдайым жоқ, жаңадан үй салатын ақшамыз да жоқ. Қолымдағы қызым неврологиялық диспансерде есепте тұрғандықтан жұмыс жасауға қабілетсіз. Үлкен қызым Атырауда тұрмыста, бала-шағасы бар, бізге жәрдемдесе алмайды", - деп жағдайын баяндады, Гүлжан Қожанова.

Үйдің едені жоқ, шатырдың орнына сабан төселген. Газ келгенімен, жылу ұстамайды, суды құдықтан тасиды деп жазады басылым.

"Бірнеше рет әкімдікке арыздандым. Бір жыл бұрын Құлсары қаласындағы көпқатарлы үйден уақытша бір бөлмелі пәтер берді. Коммуналдық төлемақыларын төлеп тұруым керек болды. Аз ғана тұрып көрдім. Шығатын шығын көп болды, сондықтан бұл жалдамалы уақытша берілген үйді тастап, қайтып келдім. Ауылға қайтып келуімнің тағы бір себебі - ауылдан кеткім келмейді. Қызымды да көзден таса етуге болмайды. Оның мүгедектігіне ай сайын 35 мың теңге қолға тиеді. Сонымен амалдап ауылда күн көріп жатырмыз", - дейді лашықта тұратын келіншек.

Ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Серік Хамидолла күнкөрісі төмен отбасы ретінде Қожановаларға демеушілікпен азық-түлік беріліп тұратынын айтты.

"Қожановалардың үйі шынымен де тұруға жарамсыз. Шағындап үй тұрғызу үшін кәсіпкерлерден көмек сұрадым. Бірақ бұған ешкім ниет танытып отырған жоқ. Сосын аудандық әкімдікпен келісе отырып, осы бір бөлмелі пәтерді уақытша беруді ұйғарғанбыз. Бұл пәтерді одан ешкім тартып ала алмайды. Оған дейін ол пәтерде жалғызбасты ер адам тұрған, ол қайтыс болды. Заңдылығына сәйкес бір жылға дейін ол үйге ортақтасатын адам болмаса, Құлсары қаласы әкімдігінің қарамағына өтеді. Мұндағы проблема - біз Қожановаларды еркінен тыс көшіре алмаймыз. Ал, үйі күрелген жағдайда жері өз атында қалады", - дейді Шоқпартоғай ауылының әкімі Ерболат Елеусінов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1027858-atyrauda-qorada-turyp-zhatqan-otba/