RU

Сүйіскен әскери әйелдерге қатысты жалған айғақ бергендер жауапқа тартылмайтын болды

Әскери прокуратура «ҚР ҰҚК Шекара қызметінің 2201 «Г» әскери бөлімі» ММ қызметкерлеріне қатысты жалған айғақ бергені үшін қылмыстық іс көтеруден бас тартты деп жазады Ақ жайық газеті.

Оларды жауапкершілікке тарту туралы өтінішті әріптестері – бейнежазбадағы сүйіскендері үшін жұмыстан шығарылған шекара қызметінің қызметші әйелдері берген еді («Камера хикаясы», «Камера хикаясы-2» мақалаларын қараңыз). Екінші инстанциялық сот (әскери бөлімнің заңсыз жұмыстан шығарылған деп жұмысқа кері алу туралы үкімнің күшін жоюға шағымын қараған апелляциялық коллегия) ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өңірлік қолбасшылығы мен Батыс өңірі әскери прокуратурасына жеке анықтау хатын жолдады («Камера хикаясы-2»). Әскерилер сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, қылмыс құрамының жоқтығына байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім шығарды.

Естеріңізге салсақ, өткен жылдың көктемінде әскери бөлімге жақын орналасқан атыраулық компаниялардың бірінің бейнекамерасы шекара қызметі формасын киген екі әскери әйелдің сүйісіп тұрғанын түсіріп алған. 5 мамырда күзет қызметі қызметкерлері жазбаны көшіріп алып, әлеуметтік желілерге салған.

6 мамырда шекарашы әйелдерді пайдаланылмаған еңбек демалысы күндеріне демалып келуге жіберіп, содан соң ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 26-бабы бұзылды деген сілтемемен жұмыстан шығарған еді. Бұған негіз болған нәрсе - әскери қызметкерлер дәлелді себепсіз қатарынан үш және одан да көп сағатта қызметте болмаған.

27 тамызда Атырау қалалық соты келесідей үкім шығарды: заңсыз жұмыстан шығарылғандардың өз лауазымдары мен шендері қалпына келтірілсін, мәжбүрлі жұмыста болмаған уақыттарындағы жалақылары төленсін және әрқайсысына келтірілген моральдық шығындар үшін 30 мың теңге мөлшерінде өтемақы төленсін.

Атырау облыстық сотының апелляциялық коллегиясы бірінші инстанция сотының шешімін өзгеріссіз қалдырып, жауапкердің («ҚР ҰҚК Шекара қызметінің 2201 «Г» әскери бөлімі» ММ) апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

Екі әйелдің де сот шешімімен бұрынғы жұмыс орындары және бұрынғы лауазымдары қалпына келтіріліп, қазір де сол шекара қызметінде қызметтерін жалғастыруда.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1041368-suyisken-askeri-ayelderge-qatysty-zha/