RU

Сәбиі шетінеп кеткен ақтаулық ата-ана дәрігерлердің салғырттығына күйінді

Төрт айлық Кәусар есімді қыз баласы 8 ақпанда Маңғыстау облыстық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде шетінеген. Сәбидің ата-анасы бұған дәрігерлерді кінәлайды.

Бұл туралы Корреспондент басылымы Лада порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Айтуларынша, шақалақ бір айдай уақытта бөлімшеде болған уақытында ақ халаттылар тиісті деңгейде ем жүргізбеген. Ал медицина мамандары болса, баланы аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық дейді.

Кәусар ауруханаға бір ай бұрын түскен. Әкесі Абылай Алланов перзентінің дәл қандай диагнозбен жатқызылғанын айта алмады. Айтуынша, нәресте бірнеше апта жұқпалы аурулар бөлімшесінде жатып халі жақсарған. Кейін жағдайы нашарлай түскен.

"Қызымды жансақтау бөліміне ауыстырды. Ол бөлімшенің өзі өте лас әрі суық болды. Сондықтан да қызым суықтап қалды. Қыл үстінде кезде дәрігерлер әйелімді шақыртты. Ол жылап, көмек сұраған. Бірақ ақ халаттылар «қолымыздан ешнәрсе келмейді» деп жауап қатқан", - деді Абылай Алланов.

Қызынан айырылған әке бас дәрігердің атына нәресте денесін союға рұқсат бермейтіні туралы арыз жазған. Бірақ соған қарамастан ол жұмыстар жүргізіліпті.

Бас дәрігердің міндетін атқарушы Сара Ермұханова нәресте толықтай емдік курсын алды, оның өліміне туа біткен ақаулары себеп болды дегенді алға тартты.

"Қыздың әкесінен мәйітті сойып, сараптама жүргізуге қарсы екені туралы арызды мен қабылдамадым және қол да қоймағанмын. Оны жазып жатқанында министрлік тапсырмасына сәйкес бір жасқа дейін шетінен барлық сәби денесіне тәуелсіз эксперттер сараптама жасайтынын айтып, түсіндіргенмін", - деді бас дәрігердің міндетін атқарушы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1042046-sabii-shetinegen-aqtaulyq-ata-ana-dari/